Ізгілік туралы ертегі. Бердалы Рысбеков

0
1 476

Бұл әр түні бас қосып аса маңызды мәселелерді талқылайтын байғыздар мекені еді...


Ізгілік туралы ертегі. Бердалы Рысбеков

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Түн сайын қалған жұрттағы ескі қорғандар іші «У-уу, у-уу, у-уу» деп сұңқылдаған, «ша-ша-ша-шақ, ша-ша-ша-шақ» деп жарыса шақылықтаған жағымсыз байғыз үніне толып кетеді. Бұл әр түні бас қосып аса маңызды мәселелерді талқылайтын байғыздар мекені еді...


Бүгін түн ортасы бір топ байғыз мұнда тағы да бас қосты. Күнде айтыла-айтыла аса маңызды мәселенің бәрі таусылған сықылды еді. Жиналғанның көбі бүгін енді не айтсақ деп дағдарып отырған. Кенет ойламаған жерден шетте отырған бадырақ көз томашадай жас байғыз имене үн қатты.


-Ағатайлар, - деді. – Мүмкін болса, менің сіздерге сауалым бар.


-Ия, неге мүмкін болмасын, айт сауалыңды, - деді аяқ астынан сөз табыла қалғанына қуанып қалған кекселер.


-Егер айтсам, - деп күмілжіді жас байғыз, - Осы күнді, анау жымындаған жұлдыздарды не үшін жаратқан? Мен осыған түсінбеймін.


Бұған байғыз біткен шықылықтап күлісті. Мәз боп ұзақ күлісті. Бірақ, кенет аяқ астынан бәрі де күлкісін сап тиды. Сөйтсе, бұл мүлде оңай сауал емес екен. Өздері де ешқашан ойланбаған сауал екен.


-Ол, өз-өзінен белгілі емес пе. Тәңірі оны ана аспанға, әсемдікке іліп қойған, - деп Ата байғыз сызданды. –

Онсыз аспанда сән бола ма.


-Әсемдік деген не? Ол кімге керек? – деді енді өзін еркінірек сезінген жас байғыз тағы да тіл қатып.


-Қызық екенсің, - деді оған Ата байғыз таптанып, - Кімге керек дерің бар ма...


Әсемдік мына бізге керек.


Жас байғыз да қайтпас тірмізіктің бірі екен.


-Онда біз неге жарықтан қашамыз, - деді шақ-шақ шықылықтап, - Күн шығады дегеннен зәреміз ұшады. Неге іннен інге тығыламыз.


-Әй, өзің де бір көргенсіз екенсің, - деді сөз таба алмаған Ата байғыз ашуланып. Әйтсе де, оны бұл жайсыз хәлден құтқармақ боп Дана байғыз килікті. Қанатын жалп-жалп қағып; - Ол өз-өзінен белгілі, - деді ділмәрсіп,

-Тәңірім Күн мен Жұлдызды аспан шегін көрсету үшін іліп қойған. Біз сол жұлдыздарға қарап отырып дүниенің кеңдігін білеміз.


Жас байғыз да қалыспады.


-Аспан шегі деген не? Ол не үшін керек? – деді тағы тақуаланып.


-Сен өзі қызық екенсің, - деді оған Дана байғыз. – Аспан шегі мына бізге керек.


-Бізге ол не үшін керек? Әлде сонда ұшып бару үшін керек пе? – деді тағы да жас байғыз.


-Онда ұшып күнәқар болғын келе ме?! Ол ұшуды тәңір бізге жазбаған.


-Онда оның керегі не? – деді жас байғыз.


-Әй, өзің де бір көкмылжың екенсің, - деді Дана байғыз қанатын бір сермеп, - Қой, сенімен құр арамтер болғанша, барып тышқан аулағаным жақсы.


-Мен де кеттім қоңыз теріп, - деп Ата байғыз да сып-сып ұшып кете барды...


-Мен ештеңе де түсінбедім, - деп күнкілдеді жас байғыз өз-өзіне торығып.


-Біз де ештеңе түсінген жоқпыз.


-Келіңдер, біз одан да оны жұлдыздың өздерінен сұрайық, - деді бір ересек байғыз үн қатып.


-Қайтіп?


-Кәдімгідей, барынша дауыс салып сұраймыз.


Сөйтті де олар бәрі қосыла: - У-уу,...у-уу... –деп, көкке қарап дауыс салды.


-Ия, естіп тұрмыз, естіп тұрмыз, - деп оларға кенет жұлдыздар үн қатты.


-Сіздер кімсіздер?


-Біз жұлдыздармыз...


-Онда тіпті жақсы болды. Бізге де керегі сіздерсіздер...


-Айта беріңдер... Естіп тұрмыз.


-Біз манадан бері бір нәрсені түсіне алмай таласып отырмыз, - деді ересек байғыз. – Осы сіздер онда неге тұрсыздар? Не үшін тұрсыздар?


-Қызық сұрау, - деп жымындасты жұлдыздар.


-Біз бе? –деп күлді бір тым жарқырауық үлкен жұлдыз, - Оған мен жауап берейін. Біз дүниеге ізгілік нұрын сеуіп тұрмыз.


-Ізгілік? Ол не нәрсе? – деп шуласты байғыздар.


-О, ізгілік пе?! Сендер, байғыздарға, мұндай сөзді түсіну, әй, қиын болар. Әйтсе де, мен түсіндіріп көрейін, - деді Жарқырауық жұлдыз тағы да жымиып, - Ізгілік дегеніміз – жақсылыққа деген құштарлық, мейірбандық, сүйіспеншілік... Біз күллі мына дүниеге жылулық, жарық, сұлулық береміз. Бұларсыз тіршілік жоқ. Күллі жан-жануар, құрт-құмырсқа, өсімдік атаулы мына біздің нұрымыз арқылы дүниеге келген. Біздің нұрымыз арқылы өсіп-өрбіп жатыр.


-Жоқ, олай болуы мүмкін емес... Мүмкін емес. Мына сығырайған сендердегі неғылған жылу, неғылғын нұр?! Анау күн болса бір сәрі, - деп шулады байғыздар.


-Мына біз де бір-бір күнбіз. Тек, тым алыстамыз. Сондықтан да жылу, нұрымыз әлсіздеу. Ал сендер Күн деп атаған алып жарық – ол да жұлдыз. Күн – біздің сіңліміз, - деді бір сұлу жұлдыз.


-Мүмкін емес. Тіпті де мүмкін емес. Сендер бізді алдап тұрсыңдар, - десті тағы байғызтар, - Күн үлкен де, сендер құйтымдайсындар.


-Айттық қой, біз өте алыстамыз деп. Дүние шексіз кең. Біз сол кең дүниенің әр тұсына іліп қойған шырағданбыз.


-Сендер нәрді қайдан аласыңдар?...


-Ешқайдан да. Бойда бар қуатымызды жарық етіп жұмсаймыз. Қашан таусылғанша жұмсаймыз. Ал бар қуатымыз таусылған күні өлеміз, өшеміз.


-Қызық екен... Сендер сонда мұны кім үшін істеп жатырсыңдар?


-Кім үшіні бар ма? Күллі дүние үшін. Сонау сендер жасап жатқан жасыл Жер үшін де. Анау тербелген теңіз, көкөрім орман, баулар, сол орман-бауларда тіршілік еткен жан-жануар, адам, күллі құстар, мына сендер үшін.


-Ал олар сендерге не береді?


-Ештеңе де. Олар бізге тек қуаныш сыйласа болғаны.


-Сонда мүлде ақысыз, пұлсыз ба?


-Ия, ешқандай ақысыз, пұлсыз.


-Тағы да түсінбейміз... Сонда өз өміріңді біреу үшін сарп еткенде не болды. Не шығады?


-Айттық қой. Дүниеге ізгілік ұрығын себу үшін - деп. -Өзге жұртқа жақсылық сыйлағаннан асқан не қызық болсын.


-Түсінбедік... Өзгелер үшін өз өмірін сарп ету қызық дейді. Біз түкке түсінбедік.


-Ия, сендер оған түсінбейсіндер. Сол үшін де байғызсыңдар. Сол үшін де қараңғы түнге үйірсіңдер. Ал, ізгілікті түсіну үшін көкірегіңде жарық сәулең болсын. Әппақ күннен нәр алған сезім сәулең болсын. Сонда ғана түсінесіңдер.


Түркістан облысы, Келес ауданының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Бердалы Рысбеков Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Келес ауданының Құрметті азаматы. 7-8 кітаптың авторы балаларға арналған әңгіме, ертегі, фантастикалық шығармалар жазады.