Жалғыз аяқ болса да, басқалары сияқты, қойған жеріне табан серіппей тұра беретін, құламайтын.
Жиырма бес қалайы солдат болыпты. Бәрінің де анасы бір қалайы қасық, ағалы-інілі бауырлар еді. Бәрі де қараса көз тойматын сымбатты сұлу болатын: бәрінің де қызыл әдіпті мундирі, иығына асқан мылтығы болатын және бәрі де алға қарап көз тігіп қатып қалған!
Өздері жатқан қорапшаның қақпағы ашылған кезде олардың алғашқы естігені «қалайы солдаттар!» деген сөз еді. Оны айтқан кішкентай бала санын шапалақтап қуанып қалды, өйткені ойыншық солдаттар оның туған күніне әкелінген тарту еді. Бала табан аузында оларды стол үстіне қаз-қатар қоя бастады. Қалайы солдаттар егіз тамшыдай бір-бірінен аумайтын, тек біреуі ғана ағаларынан өзгеше; жалғыз аяқ еді. Ол ең соңынан құйылғандықтан, қалайы жетпей қалған. Жалғыз аяқ болса да, басқалары сияқты, қойған жеріне табан серіппей тұра беретін, құламайтын. Ақыры солдаттардың ішінде көзге түскені де сол болды.
Бала ойыншық солдаттарын үстел үстіне қаз-қатар қойды. Онда ойыншықтан көп нәрсе жоқ, бірақ бәрінен кереметі – қатырғы қағаздан жасаған ғажайып сарай; оның құйттай терезелерінен ішіне көз жіберсең, кәдімгідей бөлмелер көрінеді. Сарайдың алдында кішкентай айна жататын еді, ол кәдімгі көл тәрізді, жағалауын қоршай өскен ағаштары бар. Көл айдынында кіп-кішкентай балауыз аққулар жүзіп жүр, олар судағы өз сәулесіне өздері мәз болғандай. Осының бәрін көз тартып, көңіл сергітеді, бірақ бәрінен ғаламаты – сарайдың айқара ашып тастаған қақпасының алдында тұрған жап-жас сұлу қыз. Ол да қатырғы қағаздан ойып жасалған. Кеудешесі жұп-жұқа торғын жібектен тігіліпті, жіңішке көк лента иығынан беліне дейін төгіліп тұр. Лента қыздың бетіндей үп-үлкен жарқырауық ілгекпен бекітілген. Бұл сұлу биші болатын. Екі қолын ілгері созып, бір аяғын артқа қарай жоғары көтеріп, сынар аяқпен тұр, қапелімде қалайы солдат онысын аңғармай, бұл да өзім сияқты жалғыз аяқты сорлы екен ғой деп ойлап қалған.
«Маған осындай бір әйел болар ма еді, - деген ой келеді қалайы солдатқа. – Бірақ ол текті тұқымнан шығар, ол салтанатты сарайда тұрады, менің жатағым – қорапша, оның үстіне, ол жалғыз да, ал біз аттай жиырма беспіз ғой. Жоқ, оған қорапша лайық емес, бірақ танысқанның да артығы жоқ! » - деді де, ол стол үстінде тұрған темекі сауытының артына сұлай кетті. Еш уақытта еш жағына ауытқымай сыңар аяғымен еденде тік тұратын әдемі биші қызға дәл осы арадан көз алмай сығалап жатуға қолайлы–ақ.
Кешкілік одан басқа қуыршақ солдаттардың бәрін қорапшаға қайта салып, адамдар қалың ұйқыға шомды. Сол кезде қуыршақтар өзара қонақ шақырысып ойнап, сонсоң соғыс ойынын өткізді, содан кейін сауық-сайран жасады. Қалайы солдаттардың да ойнағысы кеп кетіп, біраз тыпыршып еді, бірақ қорапшаның қақпағын аша алмады. Шерткіш палуан қуыршақ шыр көбелек айналып, тас қарындаш пен тас тақта да билеп жүр. У-шу дауыстан кішкентай ақ сары әнші құс оянып кетіп, бірдемелерді тақпақтай жөнелді! Тек қуыршақ солдат пен биші қыз ғана бір орыннан қозғалған жоқ. Қыз баяғысынша екі қолын алға созып, сыңар аяқпен тұр, ал қалайы солдат мылтығын иығына асқан күйі, қыздан көзін алмай, сіресіп қатып қалған.
Сағат он екіні соқты. Кенет бірдеме сырт-сырт етті! Сөйтсек ашылған темекі сауытының қақпағы екен. Сауытта темекі жоқ; онда шебер жасалған қап-қара қуыршақ ергежейлі отыр еді.
- Әй, қалайы солдат! – деп айқай салды ергежейлі. – Өрең жетпейтін қызға езеуреп көз сатуыңды қой!
Бірақ қалайы солдат естіміген боп тұра берді.
- Тоқтай тұр, бәлем! Таң атсын, сосын көрерсің! – деді ергежейлі.
Таңертең балалар ұйқысынан оянып, қалайы солдатты терезенің алдына апарып қойды. Сол арада ергежейлінің кінәсынан ба, әлде желден бе, әйтеуір, терезе ашылып кетті де, біздің ойыншық солдатымыз үйдің үшінші қабатынан шыр көбелек айналып далаға құлап түсті. Зәресі кетті, ол төбесінен шаншыла кеп құлады, басындағы дулығасы мен мылтығының найзасы көнеге төселген екі тастың жігіне қыстырылып қалып, аяғы көкке қарап қатты да қалды.
Қызметші әйел мен балалардың ең кішкентайы далаға жүгіріп шығып, қуыршақ солдатты іздей бастады. Айнала іздеп жүріп, аяқтарының астында жатқан солдатты көрмей, ақыры таба алмай кетті. «Мен мұндамын!» - деп айқайлағанында, әрине, тауып алған болар еді, бірақ көшеде үстіндегі мундирімен тұрып, қатты айқайлауды өзіне ұят санады.
Бірақ сорына қарай жаңбыр жауып кетті, үдеген үстіне үдей келе, ақыры шелектеп құйып, қара нөсерге айналды, ақыры жауын басылған кезде балалар далаға жүгіріп шықты. Олар екеу еді, біреуі тұрып:
- Ана қарашы, қалайы солдатты. Өзін жүздіріп жіберсек қайтеді! - деді.
Олар газеттен қайық жасап, ішіне қалайы солдатты орнықтырды да, арықтың бойымен ағызып қоя берді.
Қайық жылжып барады, балалар жағаны бойлап жарыса жүгіріп, қолдарын шапалақтап мәз болып келеді. Толқындар арық жағасын қалай ұрғыштайды. Ағысы қандай күшті еді! Өйтпей қайтсін, нөсер де ғаламат болды ғой! Кішкентай қайық біресе ылдилай сүңгіп, біресе толқынның бұйра жалына жармаса көкке атылып, біресе шыр көбелек айналады; ондайда қалайы солдат дір ете қалады; бірақ қайткенмен қайтпас қайсар қалайы солдат қой, мылтығын асынған күйі, былқ етпестен алға көз тіккен бұл тұра береді.
Міне, қағаз қайық кішкене көпірдің астына кіріп жоқ болды, іші қандай қап-қараңғы, солдат өзінің қорапшасында қайта жатқандай сезінді.
«Мені қайда ағызып апара жатыр? - деп ойға қалды. – Осының бәрі ергежейлінің қырсығынан! Егер қайығымда менімен бірге кішкентай биші қыз болса ғой, қараңғы болмақ түгіл, дүние қараң қалса да қыңқ етпес едім!»
Сол кезде көпірдің астынан суда жүретін дәу егеуқұйрық шыға келді, ол осында тұратын.
- Әй, сенің паспортың бар ма? – деп ақырды егеуқұйрық. Паспортыңды көрсет.
Қалайы солдат тіл қатқан жоқ, мылтығын қыса түсті. Қағаз қайық тоқтаусыз жылжып барады, егеуқұйрық соңынан қалмай қуып келеді.
- Ұстаңдар ананы! Ұстаңдар! Жол салығын да төлеген жоқ, паспортын да көрсеткен жоқ, - деп, қарсы кездескен шөп-шалам, жүн-жұрқаның бәріне айқай салып, ызалана тісін қайрап келеді.
Қайық бұрынғыдан дашапшаң зымырай жөнелді; көп ұзамай көпірдің астынан сыртқа шығуға тиіс, қалайы солдат алдан жарық сәуле көре бастады, бірақ дәл сол сәтте бірдеме гүрс ете түсті, мұндай дауыстан батырдың батырының өзі жүрегі жарылып өлер еді.
Міне, керек болса: арықтың аяғы зәулім биіктен үлкен каналға құлайды екен! Өзіміз толқынмен ағып келіп құлама суға кезіккенде қандай қатерге тап болсақ, қалайы солдаттың басына да дәл сондай қауіп туды.
Оған қарай ма, қағаз қайық кішкентай көпірдің астынан сумаң етіп шыға келіп, ешбір күш тоқтата алмайтын жылдамдықпен зымырай жөнелді. Сорлы солдат бойына біткен қайтпас қайсарлықпен міз бақпай сіресіп тұр. Кенет қайық шыр көбелек айналып, бір жанбастап қисая кетті де, ішіне су толып су түбіне бата басталы. Қалайы солдат суда кеңірдегінен келіп тұр, қайық болса, су сіңіп, мылжаланып, бірте-бірте батып барады. Бір кезде су солдаттың төбесінен жүріп өтті. Енді қайта қауышуға жазбаған кіп-кішкентай, сұп-сұлу биші қыз көз алдында елестеп, құлағына:
Алға, жауынгер!
Тайынба ажалдан! – деген өлең келіп тұрды.
Қағаз әбден езіліп жыртылып кетті де, қуыршақ солдат суға бата бастады, бірақ дәл сол сәтте бір дәу балық қағып алып, жұтты да жіберді.
Қап, балық өңешінің іші тастай қараңғы екен ғой! Көпір астынан да қараңғы, оның үстіне қалай тар! Бірақ қалайы солдат мұнда да қайсарлығын жасап, мылтығын асынған күйі сымға тартқандай тіп-тік қалпы сілейіп жата берді.
Балық оны жұтысымен жын буғандай аласұрып, ойран-асыр болды да, бір кезде сұлық түсті. Біраз уақыт өткеннен кейін солдатты қоршаған көзге түртсе көргісіз қараңғылықты жай оғындай бір сәуле тіліп түсті де, айнала жап-жарық боп кетті, сол кезде бір баланың «қалайы солдат!» деген қуанышты даусы естілді.
Оқиға былай болған еді: балықты біреу ұстап алып, базарға апарып біреуге сатады, ол оны ас үйіне әкеліп, аспазшы әйелге береді, аспазшы әйел балықтың ішін жарып жіберіп, қалайы солдатты көреді де, екі саусағымен орта белінен ұстап алып, бөлмеге апарады. Ол арада балықтың ішінде жүріп, жиһан кезген таңғажайып кішкентай адамды көру үшін, бүкіл үй іші болып жиналады, бірақ қалайы солдат жұрт таң қалды екен деп дандайсу дегенді білмейді.
Оны столдың үстіне апарып қойып еді, шіркін, өмірде не түрлі ғажайыптар бола береді ғой, кішкентай солдат баяғы тұрған үйіне қайта келген екен, баяғы таныс балалармен тағы кездесті. Баяғы ойыншықтар стол үстінде сол қалпында тұр, таңғажайып салтанатты сарай да, әдемі биші қыз да орнында тұр екен. Ол да сол баяғы бұл бір аяғын артқа қарай аспанға көтеріп, сыңар аяқтың ұшымен ғана әлі тұр, ол да қажымас қайсардың өзі екен! Мұны көріп қалайы солдаттың жүрегі қобалжып, көзінен қалайы жас тамып кете жаздады, солдаттың жылауына болмайды, сондықтан ол биші қыздан көзін алмай қатты да қалды. Биші қыз да оған тесіле қарап қапты. Бірақ бұл да, анау да бір-біріне ләм деп тіл қатқан жоқ.
Кенет кішкентай балалардың біреуі қуыршақ солдатты шап беріп ұстай алып, неге екенін кім білсін, әлде темекі сауытының ішінде отырған зұлым ергежейлі шағыстырып қойды ма, әйтеуір, жанып тұрған пешке лақтырды да жіберді.
Қалайы солдат жайнаған жалынның ортасында, пештің қып-қызыл өңешінде тұрды, тұла бойы ыстықтап, өртеніп бара жатқанын сезді, бірақ жан-дүниесін өртеп бара жатқан жалын ба, әлде жалындаған махаббат па, ол арасын өзі де айыра алмады. Сыртындағы бояуы ақтаңдақтанып барып, сұп-сұр боп кетті, бірақ қайғыдан ба, әлде ұзақ сапарда оңып кетті ме, о жағын тағы білмейді. Ол кішкентай биші қыздан көз алмайды, биші қыз да бұған көзі жаудырап қарап қапты, ол өзінің еріп ағып бара жатқанын аңғарды, бірақ иығына асынған мылтығын қыса ұстап, тіп-тік қалшиған бұл қатты да қалды. Кенет бөлменің есігі шалқая ашылып кетіп, ұйтқыған сумақай жел биші қызды үйіріп ала қашты да, шыр айналдырып көбелектей көтеріп әкеліп, қалайы солдаттың қасына дік еткізді. Қыз да қызыл-алау жалын боп лап ете қалды да, көзді ашып-жұмғанша жоқ болды. Сол кезде қалайы солдат та еріп бітті. Келесі күні қызметші әйел пештің күлін тазартқанда оттығынан қалайыдан құйылған құйтақандай жүрек мүсінін тауып алды. Биші қыздан тек жылтырауық елгек қана қалыпты. Бірақ енді ол жылтырамайды, өйткені әбден қарайып, көмірге айналған.
Ханс Кристиан Андерсен