Оларға ойынқұмар қонжығы мен тайганың қоңыр аюы көрші қоныс тепті.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Хайуанаттар паркіндегі ойын
Бұл хайуанаттар паркі жаңа құрылған еді. Түу-у сонау Африкадан арнайы Ана піл мен Ата пілді алдырды. Қастарында кіп-кішкентай қалқан құлақ баласы бар екен. Ал одан соң ақырған арыстандар әкелінді. Олардың да тік бақайлы елірген күшігі бар еді. Оларға ойынқұмар қонжығы мен тайганың қоңыр аюы көрші қоныс тепті. Қойыңызшы, әйтеуір, аз-ақ күнде Сахараның керігі ме, Қаратаудың арқары ма, Гималайдың барысы ма... неше түрлі аң-құсқа парк іші толып кетті.
Көп ұзамай көктемнің шуақты күні күтушілер аң біткеннің балаларын ортадағы үлкен қоршаулы аулаға шығарды. Аула іші кең әрі таза еді. Ортасында кіп-кішкене айна көл. Секіретін, сырғанайтын неше түрлі ағаш сөрелері тағы бар. Аң балаларына бұл өте ұнады. Көп тұрмай-ақ, олар асыр салып ойнауға кірісті. Бір-бірімен алысып, қуысып, аула ішін лезде думанға бөледі. Арыстанның күшігі ақ торайды қуа жөнелді. Қоңыр қонжық ыр-ырр етіп, бала пілдің тұмсығына жармасты. Ал ақ лақ едірендеп сұр бөлтірікке тап берді. Осылайша ойын жаңа қызған кез. Кенет бәрі келіскендей:
-Әй, ақымақ шұ-нақ, сен онымен ойнама! Ол қасқырдың бөлтірігі. Ол біздің ата жауымыз, - деп бақ-бақ етті ақ ешкі.
-Әй, сен өз тегің-нің кім екенін білесін бе?! Сол талпақ танау сасық тораймен ойнамақпысың?! Ол саған тең емес! – деп ақырды Ата арыстан темір торды сілкілеп.
-Сен сол бір жарғақ құлақ сұмпайымен ойнап не береке табам дейсін. Оның анау күн қақтаған терісінен жиіркен-сең етті, - деп күжілдеді қоңыр аю бір тұстан.
Ойларында ештеңе жоқ, асыр салып ойнап жатқандар сап тыйылды. Әрқайсысы әр бұрышқа жантайды. Бір бұрышқа су-су мұрнын пыс-пыс тартып, томсарып қонжық кетті. Бір бұрышта арыстанның күшігі тұмсығымен жер тіреп жатып алды. Тек ортада бала піл ғана теңселіп, әлденені үздік-создық күбірлеп тұр. «Тү-у, бұл не деген әділетсіздік. Ата-аналар неге рұқсат етпейді? Неге біреумен-біреу ойнамайды?».
Бұл көңілсіздік біраз уақытқа созылып, аула ішін ауыр зіл басты. Тіпті, берілген түстікті те ешкім ішкен жоқ.
Тек күтуші ғана әбігер.
-Ау, балақайлар, неге тамақ ішпейсіндер? – дейді қайта-қайта келіп.
Оған жауап берген бұлар жоқ.
-Оу, сендерге не болған, неге ойнамайсындар? – дейді күтуші әбіржіп.
Бұлар тағы үндемейді.
-Әлде ойнай білмейсіндер ме? Онда мен сендерге көңілді макаканы жіберейін.
Сөйтеді де, күтуші Макаканы ертіп, қайта оралды.
Макакасы сиықсыз бір шайтан әлует маймыл екен.
Дегенмен, айтса айтқандай, тым көңілді көрінеді. Келген бойы сұлап жатқан арыстанның күшігінің арқасына қарғып мінді. Арыстанның күшігі жын көргендей атып тұрып, Макаканы бас салды. Макака бір-ақ қарғып, бала пілдің арқасына шығып кетті. Арыстанның күшігі де қайтқан жоқ. Бала пілге олда келіп шапшыды. Бірақ қу Макака бұлсәтте анадайда ақ торайды шыңғыртып көкпар шауып бара жатты. Қатты сасқан ақ торай шапқан бойы аңқау қонжықты домалатты. Қоңжық барып бөлтірікке соғылды. Қойшы, аула ішін лезде у-шу ала шапқын жайлады. Бір-бірімен алысқан, бір-бірімен жарысқан ойынға айналды. Макака енді жайына қалды.
Лақ асыр салып, бөлтірікпен алыса бастады. Қонжық келіп бала пілдің арқасына қонжиды. Ал арыстанның күшігі мен жас барыс бір бұрышта ұмар-жұмар күресуге кірісті.
Осылайша, аула іші қайта думанға бөленді. Бір ойыннан бір ойын, бір қызықтан бір қызыққа ауысты. Міне, енді бәрі келіп бала пілдің арқасына мінуге таласты. Бала піл де қулық қылып, ұзын құбыр тұмсығымен тентектердің төбесінен су шашады. Бәрі мәз. Өлең айтып әндетеді, секіреді, билейді.
Алақай да алақай,
Жаңбыр жауды, балақай!
Бала пілге мінейік,
Құла түзге желейік,
Бір серүендеп келейік!
Балақандар ойын қызығымен кеш болғанын да білген жоқ.
-Балақандар, бүгінге осы да жетеді, қане, шешелеріңнің қасына барыңдар, - деген күтушілердің айқайынан ес жиды.
Сонда бір-ақ білді. Бұлар сондай ғажап ойнады. Сондай тату ойнады. Күні бойы ренжіскен ешкім жоқ. Қарап тұрса, бәрі бірдей ойынқұмар, әрі аңқау, әрі адал екен.
Ал ата-аналардың бағанағысы не? Әлде олар бөбектердің сәби жүрегінде ешқандай қорқаулық, жаттық болмайтынын білмей ме екен?
Түркістан облысы, Келес ауданының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Бердалы Рысбеков Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Келес ауданының Құрметті азаматы. 7-8 кітаптың авторы балаларға арналған әңгіме, ертегі, фантастикалық шығармалар жазады.