Жыртқыш құсқа тап келсең, жүрек орнында тас болса да дірілдейді ғой.
Екі шіркей түнгі орманды аралап көрмекші болды. Бұл сәтте аң-құс біткеннің бәрі қалың ұйқыда еді. Қос шіркей тоқылдақтың ұясын, өрмекшінің өрмегін тамашалап келе жатты. Кенет:
— Екеуің бұл жерде не тындырып жүрсіңдер? — деген дауыстан селк ете түсті. Алғашында зыта жөнелмекші болған шіркейлер алдарында тұрған үлпілдек қауырсынды жапалақты көргенде жүректері орнына түскендей болды. Жапалақтың көзі оттай жанып тұр екен.
— Біз серуендеп жүр едік!, — шіркейлер нәзік қанаттарын дамылсыз қағып әлсіз ғана жауап берді. Олардың қорқыныштары әлі де басыла қоймаған еді. Жыртқыш құсқа тап келсең, жүрек орнында тас болса да дірілдейді ғой.
— Бара беріңдер! Жапалақ осыларға тиісіп не абырой табамын дегендей бейқам отыра берді. Шіркейлер жапалақтан мұндай мейірімді күтпеген еді.
Ұяларына оралған олар жапалақты мақтап біразға дейін даурығысты.
— Сондай мейірімді, — деді біріншісі.
— Өте керемет, сөзіңді ықыласпен тыңдайды екен, — деді екіншісі.
— Көрегендігін айтсаңшы, кіп-кішкентай бізді қалың жапырақтардың арасынан байқап қойды ғой, — деді біріншісі.
Осылайша олар бар білгендерін, көргендерін таласа-тармаса өзге құстарға айтып берді. Шіркейлердің сөзіне тоқылдақ сеніңкіремей, ертесіне түнде өзі орманды аралауға шықты.
Тоқылдақ та көп қиналмай Жапалаққа тез кезікті.
— Тырнақтарың қандай сояудай, — деді жапалақ тоқылдаққа қарап, — тұмсығың да өткір секілді. Жапалақтың мақтауы тоқылдақтың жанына жағып кетті.
— Қандай байқампаз! Осындай құстар патша болуы керек қой. Ал біз қаһарлы қыранды несіне әспеттейміз.
Құстар патшалығы әп-сәтте абыр-сабыр болып кетті. Көбі шіркейлер мен тоқылдақтың айтқандарын оң көрді. — Шындығында, өзі мейірімді болса, өзі көреген болса бізге одан артық патшаның керегі не десті олар. Сөйтіп олар құс патшасын сайлауға қызу кірісіп кетті.
Жапалақты құс патшасы етіп сайлайтын құрылтай тал түске белгіленді. Қырық түрлі ағаштан қырық түрлі құс сенімді өкіл ретінде құрылтайға келді. Орман іші гуілдеп тұр. Айнала қызылды-жасылды қанаттардың күнге шағылысуынан нұрға бөленген. Әне, көп күттірген жапалақ та асықпай, екі жағына теңселіп, маң-маң басып келеді. Көргендер: «тегінде тектілік бар емес пе, нағыз патшаға лайық қасиет» деп даурықты.
Жапалақ кенеттен орманның ең қалың тұсына қарай бұрылды. Құс атаулы соңынан шұбыра ілесті. Қара қарға оның жүрер жолын ағаш бұталарынан тазартып әлек болуда. Кенет үкі: «Ойбай, трактор келеді!» деп жанұшыра айқай салды. Шындығында бұларға қарсы алып трактор келе жатқан. Оның қуатты гүрілін жапалақ естімеді. Мұны сыртынан бақылап тұрған құстар:
— Біздің патша тас жұтқан!
— Батыр десе, батыр! Тракторға қарай қаймықпай жүргенін қарасаңшы! — десіп даурықты.
Жапалақ маң-маң басып барып тракторға соғылды. Оны қолпаштап, дем беріп келе жатқан өзге де құстар соның кебін киді. Тірі қалған құстар жан-жаққа бейберекет ұшып, орман үстін азан-қазан қылды. Сөйтсе олардың бірде біреуі жапалықтың күндіз естімейтінін де, көрмейтінін де білмейтін болып шықты. Оқиғаны шың басында отырып естіген қыран қалған құстарды жиып: «Өзіңді танымай жатып өзгені таныдым деу — асығыстық, алда осындай жағдайлардан абай болыңдар!» деп ескерту жасады.