Өкініш (балаларға арналған әңгіме). Мұрат Сыздық

0
669

Ойын қызығына берілгені соншалық — күннің батқанын да байқамай қалды.


Өкініш (балаларға арналған әңгіме). Мұрат Сыздық

Атасының тапсырмасын орындап тастамақшы болып, Қайырбек қораға қарай беттеді. Дарбазаның сыртынан біреудің ысқырғаны естілді.


— Қайырбек, жүр кеттік. «Бірлік» аулының балалары келіпті. Осы жолы оларды нөлмен қатырмасақ па?!


— Әттеген-ай, ә! — Қайырбек басын шайқады. — Атам фермадағы бір танысынан есектің қамытын алған екен. Соны апарып тастарсың деп еді.


— Өй, бар болғаны сол ма? — Жақып көңілдене күліп қойды. — Кешке дейін әлі талай уақыт бар. Үлгересің... Көп қиқаңды қойып, бізбен жүр. Олардан өткен жолғы қарымтаны қайтармасақ, болмайды. Кездесе кетсе, мазақ қылады.


Қайырбек желкесін қасып сәл тұрды да:


— Мейлі, ендеше, — деп, балалармен бірге футбол алаңына тартты. Жолшыбай атасы кездесті.


— Қайырбек шырағым, қамытты апарып бердің бе?


Қайырбек не дерін білмей, абдырап:


— Иә, ата, апарып тастадым, — деді.


— Әп, бәрекелді. Өркенің өссін, қарағым! — Атасы риза кейіппен Қайырбекке көзін сығырайта қарап, күміс сақалын уыстай сипап қойды.


Қайырбек үйге кештете оралды. «Бірлік» футболшыларын ойсырата ұтқаннан кейін, масаттанған балалар Қаракөлде әбден асыр салды. Көлдің ортасындағы аралдан бүлдірген терді, жасырынбақ ойнады. Ойын қызығына берілгені соншалық — күннің батқанын да байқамай қалды.


Үй-іші кешкі асқа отырды. Ас үйде әжесімен амандасқан біреу дабырлай кіріп келді.


— Кеш жарық!


— Оу, Келденбісің? Жоғары шық.


Атасы көңілдене дауыстап, кешкі қонақты төрге шақырды.


— Шығамыз ғой. Айтпақшы, құрдас, қартайғанда өтірік айтатын болғанбысың? Бүгін аласың деген қамыт қайда? Үйдегілер «қамыт әкелген пендені көрмедік» деп ант-су ішеді.


— Апармағаны қалай? Қайырбек шырағым...


Атасы түсін суытып, немересіне қарады. Қайырбек ұяттан кірерге тесік таппай, көзімен жер шұқыған қалпы үнсіз отырып қалды.


Мұрат Сыздық (1956–1996) 14 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. 1979 жылы ҚазМУ-ді, 1988 жылы Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын 1973 жылы бастаған. Түрлі газет-журналдарда жауапты қызметтер атқарған. 1994–1995 жж. ҚР Ақпарат министрлігінде баспа ісі жөніндегі басқарма бастығы болды.

«Күміс сақал арыстан», «Әйбат бала», «Күн шығып келеді», «Жылдың соңғы айы» атты кітаптардың авторы.