ӨРМЕКШІ АЙТҚАН ЕРТЕГІ – заманауи ертегі. Әдина Әбдібайқызы

0
1 362

Сарғыш түсті мөлдір тасты әрі-бері айналдырып қарасақ та, өрмекші кірген саңылауын таба алмадық.


ӨРМЕКШІ АЙТҚАН ЕРТЕГІ – заманауи ертегі. Әдина Әбдібайқызы

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Биыл елімізде «2022 жыл – балалар жылы» деп жарияланды. Осы орайда балаларға арналған көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Оның ішінде балалар шығармашылығына, балаларға арналған шығармаларға да ерекше мән берілуде. Байқап қарасақ, бұл тақырыпта қалам тербеп жүрген жас дарындар аз емес екен. Солардың бірі – балалар әдебиетінің жас өкілі Әдина Әбдібайқызы. Ертегі жанрына ден қойған оның шығармалары барша адамзатқа ой саларлықтай ерекше екен. Оларды оқырман назарына ұсынуды да жөн санадық.


ӨРМЕКШІ АЙТҚАН ЕРТЕГІ


Біз Балтық теңізіне шомылуға бардық. Бірақ аяқ астынан қатты жел соғып кетті. Жағадағы дәу тастың қуысына кіріп, желдің басылуын күттік. Биік үйдей толқындарды тамашаладық. Бір рет биік толқын біз отырған тас үстін басып кетті. Қатты қорқып бір-бірімізге тығылдық. Әп сәтте айнала тастай қараңғы болды да, қайта ашылды. Сол сәтте біз жағада шашылып жатқан сары тастарды көрдік. Қызықтап қарадық. Мен тауып алған жұмыртқадай тастың ішінде кәдімгі өрмекші тұрды. Денесі қызылды-жасылды келген. Иненің көзіндей кіп-кішкентай көздерімен бізге қадала қарайды. Қылдай мұртшалары дір-дір етеді. Сарғыш түсті мөлдір тасты әрі-бері айналдырып қарасақ та, өрмекші кірген саңылауын таба алмадық. Мен тасты саусағыммен қақтым. Іш жақтан өрмекші:


- Ау, балақай, не айтасың? – деді.


- Мына тастың ішіне қалай кіріп алғансың? – дедім.


- Бұл ұзақ әңгіме, - деді өрмекші.


- Қызық әңгіме ме? – дедім мен.


- Әрине қызық, - деді өрмекші.


Қасымдағы достарым:


- Қызық болса айтып беріңізші, - деп өтінді тұс-тұстан.


Сөйтіп өрмекші әңгімесін бастады.


- Менің жасым қырық миллионда.


- Қырық миллион! – деген Әсет өрмекшінің сөзіне сенбей: – Соқпа өтірікті, - деп айтып қалды.


- Өтірік болса тыңдамай-ақ қойыңдар, - деді өрмекші ренжіп.


- Мен Әсеттің басынан шертіп жібердім. Ол:


- Жарайды, енді сөйлемеймін, - деп бұртиды.


Өрмекші бізді сынай қарағандай біраз үнсіз тұрды. Оның әңгімесін тыңдағымыз кеп үздігіп бара жатқанымызды көрген соң, сұқ саусағын шошайтып:


- Менің жасым қырық миллионда, - деді. Біз тым-тырыс тұра бердік.


- Ол уақытта мына Балтық теңізінің орнында ит тұмсығы батпайтын ну орман болды, - деп тағы біраз тоқтап бізді көзімен шолып шықты. Біз үн-түнсіз тұрмыз. Сонда ғана өрмекші алаңсыз әңгімеге кірісті.


- Ауа-райын айтсайшы. Керемет еді. Қазіргі Қара теңіздің жағалауындай. Суық жел, қақаған қыс болмайтын. Ағаштың түр-түрі өсетін. Мәңгі жасыл ағаштармен қатар фикус, пальма, кипарис, магнолия да араласа өсетін. О, заманда қарағайдың ерекше түрі болды. Су астында жатып айналама көз тіккенімде ондай қарағайларды кездестіре алмадым. Соған қарағанда олар жойылып кеткен сияқты. Ол қарағайлардың тамырлары мен бұтақтарынан, қылқандарынан өте көп мөлшерде шайыр алынатын. Қарағайдың бір жері жарақаттанса сол жерден шайыр ағып тұратын, - деп өрмекші біраз үнсіз қалды. Көзіне жас тығылып мөл-мөлт етеді. Біз оның ары қарай не айтатынын білгіміз кеп асығып барамыз. Соны байқап, өз-өзін тез қолына алды да, әңгімесін жалғады:


- Сол алып қарағайлардың бірінде менің ұям болды. Күнделікті кәсібім шыбын-шіркей аулау. Сол күні өрмегімді құрып, өзім тасада жемтігімді аңдып отырдым. Бір шыбын жақын келді де лүп еткен желмен ауытқып кетті. Қой, тым алыс отырған сияқтымын. Жақындайын деп түсе бергенім сол еді, лүп еткен әлсіз жел мені ұшырып апарып қарағайдан аққан шайырға жабыстырды да кетті. Жанталасып шығып кетуге тырыстым. Бірақ аяқтарым жұмсақ шайырға бата берді. Жанталасып жатқанымда үстіме кеп бір тамшы шайыр құйылды да кетті. Сөйтіп шайырдың мәңгі тұтқыны боп қалдым. Шайыр ішінде бір айдай айналаға мөлие қарап тұрдым. Үстіме тамшылап шайыр құйыла берді, құйыла берді. Көлемі жұмыртқадай болғанда шайыр үзіліп, жерге домалап түсті. Сөйтіп сол жерде бір миллион жыл жаттым.


- Осы кезде шыдамсыз Әсет қозғалақтап қалды. Мен оны қара саннан батыра шымып алдым. Ол түсініксіз бұрқылдады.


- Бір күні қатты жел соқты. Ағаштар құлады. Алай-дүлей дауыл бізді айналдырып апарып суға түсірді. Суға түсіп шым батып, түбінен бір-ақ шықтым. Сырттан қарап су іші мөлдір көк деп ойлайтын шығарсыңдар. Жоқ, олай емес, беткі күн түскен қабаты ғана көк. Ал түбі тастай қараңғы. Күн сайын үстімізге жоғарыдан неше түрлі құм, саз, тас кеп құйылады. Сөйтіп басып, таптап тастады. Шынымды айтсам алғашында бір күні осы шайыр ортасынан шығамын ғой деп күн санайтын едім. Қараңғы су астында құмға көміліп жатқанда күннен жаңылдым. Су астында қанша жыл жатқанымды білмеймін. Алғашқы уақытта үш миллион жылды ғана жаңылмай санадым. Одан арғысын нақты айта алмаймын.


- Жағаға қалай шықтың? - деді ақыры шыдамсыз Әсет.


- Жағаға жел айдап шығарды. Желге рахмет. Желдің арқасында күн көзін көрдім, - деп айналаға қарады.


Мен өрмекшіні қатты аядым. Оған:


- Қазір үйге барып, балтамен шауып, сыртыңдағы тасыңды сындырамын да сені бостандыққа жіберемін, - дедім. Өрмекші кәдімгідей қуанды:


- Бұл жұмысты үйдегі үлкендердің атқарғаны дұрыс, - деді ол.


Бәріміз біздің үйге қарай жүгірдік. Мен жұдырықтай сары тасты атама көрсетіп:


- Ата, мына тастың ішіндегі өрмекшіні шығарып алуға көмектесші, -дедім.


Оны көрген атам алғашында не айтарын білмей қалды. Қуаныштан ба, әлде қорқыныштан ба қолы да, дауысы да дірілдеп кеткендей болды. Тасты қайдан алғанымды сұрады. Мен жағадан тапқанымды айттым. Тасты алып тез-тез киініп үйден шығып кетті. Атам сол кеткеннен үйге екі-үш күннен кейін бір-ақ оралды. Қуанышты. Мені еркелетіп, маңдайымнан иіскеп:


- Балам, сен ғылымға қандай үлес қосқаныңды білсең ғой, - деді.


Мен атамның сөзіне түсінбедім. Тек:


- Сары тас қайда? – дедім.


- Ол жай ғана сары тас емес, - деді атам.


- Сонда қандай тас? - дедім мен.


- Ол янтарь, - деді атам.


- Янтарь қайда, ата, - дедім.


- Ол мұражайда, - деді.


Мен атамның жауабын естігенде жылап жібере жаздадым.


- Неге мұражайға қойдыңыз-з-з?!


- Ол тастың жұмбағы шешілгенше сонда тұрады, - деді.


- Ата, мен сары тас пен өрмекшінің жұмбағын білемін, - дедім.


Атам менің сөзіме жымиып қана күлді. Мен бәрін айтып бергім келді. Бірақ атама менің әңгімем ертегі секілді көрінетінін түсіндім де, үндемедім.


Осыдан кейін біз балалар болып жел соқса Балтық теңізінің жағалауына жүгіретін болдық. Бірақ ішінде өрмекшісі бар дәу тастай тасты әлі кезіктірмедік...