Сонарда – балаларға арналған әңгіме. Сәкен ЖҮНІСОВ

0
854

Айнала дала жым-жырт. Құлаққа ұрған танадай, тырс еткен дыбыс жоқ. Аппақ ұлпа қарға бөккен сонау белес-белес адырлар, әрі ұзаған сайын бұлдырлана, шегі жоқ сияқты көрінеді.


Сонарда – балаларға арналған әңгіме. Сәкен ЖҮНІСОВ

– Менің көптен бері айтып жүретін тілегім орындалды. Атам өзімен бірге мені қақпан құрып жүрген жеріне апаратын болды, – деп бастады Серік бұдан бірнеше жыл бұрын болған әңгімесін.


Айнала дала жым-жырт. Құлаққа ұрған танадай, тырс еткен дыбыс жоқ. Аппақ ұлпа қарға бөккен сонау белес-белес адырлар, әрі ұзаған сайын бұлдырлана, шегі жоқ сияқты көрінеді. Әр жерде бөлек-бөлек шоғырлана өскен тырбық тал, жердегі аппақ қардан айырғысыз.


Бұрын жұқа қардан ортан беліне дейін шығып тұратын қурайлар, бүгін әр жерде бір қылтияды.


Тұман түстес аспан, дала жарық бола көгілдірленіп, айқындала бастады. Бір шөкім де бұлт жоқ.


Кейбір түн ұйқысынан жаңа тұра бастаған ауыл үйлерінің төбесіндегі пеш мойнынан көрінген сұйық түтін, лезде қоюланып, тымық ауаға шұбатыла көтеріледі. Мен қарны кебежедей жалқау күрең биедегі атамның артына міңгесіп келемін. Бағана ауылдан шыққанда айрылмай құшақтай ұста деген соң, атамның беліне жабыса қалғамын.


Әйтеуір жүре келе қолымды босата бастадым. Оны аңғармады білем, әңгімемен келеді.


– Бұрынғы қылшылдаған жас кезім болса ғой, бұлай қақпан аңдып жүрер ме едім. О, шіркін, жастық десеңші.


Атам біраз үнсіз отырды...


– Осы тап сендердей күнімізде, қазір сен нешеде едің?


– Ондамын.


– Енді тап ол кез демей-ақ қояйыншы, одан сәл үлкендеу кезімізде-ақ түлкілеріңді қотанға қайырып әкелетінбіз. Осы күнгі балалар... Ай, бірақ оқуларың бар ғой... Біздің одан басқа өнеріміз, ермегіміз болды ма? Астыңа батып келе жатқан жоқ па-ай? Байқа көрпеңді түсіріп алма.


– Жоқ, ата, – деймін шыдамсыздық көрсеткім келмей.


Екі қабаттап салған жұқа бөстек, шынында да жылжи береді. Көтеріле беріп астыма қарай тартып қалам.


– Екі-үш күн дым сызбай аңның соңында жүретін күндеріміз болатын. Осынау Қаройды айнала жортқан қасқырдың ізіне екі күн түсіп қуғанда, бір қажымаушы едік-ау.

– Сонда көрінген ізге түсіп қуа бересіздер ме?


Атам аз үнсіз келе жатты да, сәлден соң селк ете қалды.


– Сен бірдеңе дедің бе? Әй, аяғың тоңып қалмасын бәлекет, атты бүйірлеп қой, аяғыңмен.


– Жоқ, тоңбайды ата, – дедім сәл тоңази бастаса да жасырып. Әлгі сұрағымды қайта қойдым.


– Ә, оның нешетүрлі қитұрқысы бар. Жақсы кәнігі аңшылар ізді салған жерден айырады. «Мынау аң ұзап кеткен, мынау алыс емес» деп қолмен қойғандай білетіндер бар. Ал енді қай аңшы болмасын аңға шықпас бұрын, жауған қардың қай сонар екенін аңғарып алады. Ол арқылы ізді айыру бәрінен де оңай. Шіркін, Жалтырдай аңшы ілуде кездесер. Ай, ол бәлекет...


– Ата, «қай сонар екенін» дегеніңіз қалай, қан сонардан басқа, енді қандай сонар болушы еді? – дедім, ұзақ әңгімеге кетіп бара жатқан атамды бөгеп. Атам жауап бермес бұрын кеңкілдеп күліп алды.


– Қарағым-ау, қан сонардан басқа сонар болмайды деп ойлаушы ма едің. Одан басқа... әй, сен осы... тр-р-р, тоңып қалдың ғой деймін. – Аттың басын тежеп артына бұрылып маған қарады.


– Жерге түсіп жүгіріп алсаң қайтеді?


– Жоқ, ата, тоңғаным жоқ, – дедім, жерге түссем әңгіме үзіліп қалатындай,


– жүре беріңіз, тоңсам өзім айтамын.


– Онда мейлің, әйтеуір үсіп қалып жүрме. Не айтып келе жатыр ем. Ә, иә, қан сонардан басқа «ұзақ сонар», «келте сонар» дейтіндері тағы бар. Ұзақ сонар деп жауып тұрған қардың кешкі мезгілде ашылып тоқтауын айтады. Бұл аңшыларға нағыз жағдайсыз сонар. Себебі түн болып кеткеннен кейін аңшылық жасау қиындап, сонар дер кезінде пайдаға аспай қалады. Ал кеш мезгілінен таң атқанша жортатын аңдардың ізі көбейіп, олар бірін бірі басып, шым-шытырық болып жатады да, аңшыларға іздің жаңа-ескілігін айыру қиынға соғады. Кейде қар түні бойы жауып, дәл таң алдында ашылып кететіні де болады. Бұл қардан кейін жүрген аңның ізі әрі жаңа, әрі сирек болып сайрап жатады. Кездестірген ізіңнен аң алысқа ұзай қоймайды. Тың атпен соңынан түссең, көп ұзатпай-ақ соғып та аласың. Сондықтан бұл сонар аңшыларға таптырмайтын бірден-бір қолайлы сонар болып есептеледі. Мұны – «келте сонар» деп атайды. Ал мына бүгінгі қансонар – түн ортасына дейін жауып ашылған қар. Аңшыларға көбінесе кездесетін, міне, осы сонар.


– Сонау бір түп шидің түбінде мен құрған қақпан бар. Қазір соған барамыз, одан әрі тағы көре жатармыз, – деп атам үзеңгіге аяғын тірей, солай қарай көтеріле қарап тұрып қалды. Аздан соң, қалың байпақты қысқы етігінің өкшесімен биенің екі бүйірін тебініп қойды.


– Көресің бе, бір нәрсе қараяды қасында. Е, бәсе, қанбасын бері тарт! – деп шоқыта жөнелді. Бағанағыдай емес, биенің жүрісі жайсызданып, әлемтәпіріғымды шығара бастады, басым зырқ-зырқ етсе, ішім солқ-солқ етеді.


«Апырай, тез жетсек екен», – деп тілеп келем.


– Ішің түйілген жоқ па-ай, бәлекет, жайсыз болып кетті-ау деймін, ә? – деп қойды атам.


– Жо-оһ-һо-оқ, – деймін, биенің ырғағына қарай мен де жауабымды түйіп-түйіп.


Бір топ шидің түбіне жеткенде, атам да, мен де қызық жағдайға қайран қалып тұрып қалдық. Қарға көміле қойылған қасқыр қақпанына мойнынан түскен қарсақтың қарны жарылып, жып-жылы буы шыға шегі шұбатылып жатыр. Мойны үзілуге жақындаған. Шарасынан шыққан көзі қанталап кетіпті. Алдыңғы жағынан орын таба алмағандай, домалана қыстырылған тілі езуінен жылтиып шығып тұр. Айнала опыр-топыр. Шашыраған қан. Қарсақ ізінен басқа, кішкене бір аңның келген ізі бар да, қайтқан ізі жоқ. Енді бір жалпақ із оңға қарай кеткен, онымен қатарласа қан аққан. Атынан түсіп, әр белгіге еңкейе зер салып қараған атам, кішкене ойланып тұрды да:


– Ғажап! Бұрын-соңды кездеспеген жағдай, – деп таңдайын бір қағып, атқа қайта қонды. – Не де болса мына кет кен қасқырдың ізіне түсеміз. – Білмейтіні жоқ деп санайтын тәжірбиелі аңшы атамның мынадай таңдануы, мені одан бетер таңдандыра түсті. Біз ізді қуалай кете бердік. Бұл арадан шыға бергендегі қасқыр іздерінің арасы алшақ-алшақ. Кей жерлерде бір орында қар шашып тұрып алған сияқты. Немесе әлде бір жаумен үлкен айқасқа түсіп, асыр салған ба дерсің. Жүре келе із арасы жақындай түсті. Шамасы жүрісі бәсеңдей бастаса керек. Қан тамшылары әрі көбейе, әрі қоюлана түскенге ұқсайды. Мына бір жерде баяу келе жатқан бір кіші аңның ізі көлденеңдей кездесті. Ол із осы жерден былай шұғыл бұрылып, әр жерден бір түсе, оңға қарай ұзап кеткен.


– Апырай, қасқырдың көзі жіті болушы еді, мына кеткен қоянды қууға да шамасы келмегені-ау, тегі, – деді, аз кідіре, кіші ізді көзімен ұзатып салған атам. Енді біраз жүргеннен кейін, із қарға біресе тереңдей батып, біресе батпай ала-құлаланып кетті. Және қисық-қисық түсе бастады.Із бойымен тамшылай аққан қан, енді үздіксіз сорғалап, ақ қағазға түскен қызыл сияның өрнегі сияқты анық көрінеді.


– Мына іздердің жаңа жауған қар астындағы бұрынғы беки бастаған қарға бір жағының ғана батып отыруын «ақсақ ойылу», дейді аңшылар. Бұл, қасқыр жүрісінің бәсеңдей бастауынан болған жай, – деп түсіндірді атам.


– Ата, ақырын жүрсе қасқыр соғұрлым ептеп баспай ма, қайта қатты шауып отырғанда көп батады емес пе? – дедім.


– Жоқ, Серік, қатты жүргенде қасқыр салмағы төрт аяғына бірдей түсіп отырады. Және көп аңның ішінде қасқырдай түзу жүретін аң кемде-кем. Түзу жүрсе алысқа шабады, қиналмайды, денесін еркін жинап отырады, қар үстінде жеңіл отыратыны да сол қасиетінен. Ал, енді, мына іздің қисық түсуіне қарағанда, қасқыр әлсіреп, түзу жүре алмай, ырғалаңдай бастаған сияқты. Ал, қасқыр қанының барған сайын көбейе түсуінің себебін өзім де түсіне алмай келемін...


Біз ізге түсіп, бастарына көбік қардан қалпақ киген қалың қызылсуға жеткенде, шет жағында сұлап жатқан үлкен сұр қасқырдың үстінен шықтық.Аттан түсіп, қасқырды қос ауыз мылтықтың стволымен түртіп аудара берген атам, селк ете қалды.


– Серік, мына ғажапты қара! – деп қасқырдың тамағынан көзін алмастан, мылтықтың серіппесін ашты. Атты тізгінінен жетелей, мойнымды создым. Жүрегім су ете қалды. Қасқырдың өндіршегін қиып, тамағының астына жабысып алған кішкене аңның құйрығы бұлаңдап қозғалады. Арқасы ақырын бүлк-бүлк етіп, қанды құмыға сорып жатыр. Аузы ырсиған қасқырдың ашулы езуі, «әттең, қапыда кеттім, әйтпесе!..» деген өкінішін айтып жатқан секілді.


– Мынау күзен, – деді атам түсіндіріп. – Қақпандағы қарсақты боршалап кеткен осы күзен болды. Бүл кіші аң болса да, қауіпті ақ. Бір нәрсеге атылғанда, мұның қимылына көз ілеспейді. Қасқыр келгенде, жемін қызғанып, тамағына жабысқан екен. Қысылған қасқыр құтылмасын білген соң, үйреншікті жеріне тартып отырған ғой. Кеудесін кере, ауаны рақаттана жұтып, ауыр дем алған аңшы атам:


– Пайпай, бірінің қанын бірі ішулерін қарашы бұлардың. Жыртқыштың аты жыртқыш емес пе! – деді мылтықтың серіппесін тартып қалып.


Сәкен Жүнісов (1934–2006) - 1 ақпанда Көкшетау облысы, Қызылтау ауданы, Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Қазақстанның Халық жазушысы (1996). Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1957).


1957–1959 жж. «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында және 1960–1964 жж. Қазақ мемлекеттік драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1988 жылдан 1991 жылға дейін КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған.


Балаларға арналған алғашқы кітапшасы («Сонарда») 1959 жылы шықты. Бұдан соң жас жеткіншектер үшін «Әжем мен емші және дәрігер» (1961), «Кімнің мекені жақсы» (1962), «Сақау бәтеңке» (1983), т.б. кітаптары жарық көрді. «Өшпейтін іздер» повесін (1968), «Жапандағы жалғыз үй» романын жазды (1965; орыс тілінде – 1968). «Ақан сері» дилогиясы жарық көрді. (1кіт., 1971; 2кіт., 1977; орыс тілінде – М., 1979). «Алғашқы вагон» (1982), «Заманай мен Аманай» (1987) повестерін жазды.


Жазушының «Ажар мен ажал» (1967), «Тұтқындар» (1970), «Қызым, саған айтам» (1972), «Жаралы гүлдер» (1973), «Қос анар» (1974), «Әр үйдің еркесі» (1975), «Қысылғаннан қыз болдық» (1976), «Кроссворд немесе масханадағы маскарад» (1981), т.б. пьесалары республика театрларында қойылды. «Өліара» пьесасына Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді (1986). 2000 жылы «Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері жайында» кітабы жарық көрді.


Көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Л.Н.Толстойдың, С.Цвейгтің бірқатар әңгімелерін, О.Т.Гончардың «Перекоп», «Көк адыр» романдарын, т.б қазақ тіліне аударған.