Эверестке шығудың қаупі қаншалықты екенінен хабарыңыз бар шығар? Бірақ ол бір көруге тұрарлық мекен екені жасырын емес.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Тибет пен Непал шекарасында орналасқан Жердің ең биік нүктесі – Гималай тауындағы Эверест шыңы. Бұл нүктені тибетше «Джомолунгма» және Непал тілімен «Сагарматха» деп атайды, аудармасы – «Құдай Ана».
Эвересттің ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 8848 метрге жетеді. Оны үш жарым мыңға жуық адам бағындырса, 300-ге жуық адам арман жолында қаза тапқан.
Шың туралы осындай ақпараттарды білмейтін адамдардың көпшілігі оны бағындыруды армандайды. Бірақ, бүгін біз ұсынатын деректер іс жүзінде оларды ойынан айнытуы ықтимал, ал біреулердің қызығушылығы керісінше одан сайын артуы мүмкін.
1. Күрделі «өлім жолы»
Эверестке апаратын жол тауға шығудың қыр-сырын дұрыс білмейтіндерге ғана емес, тыңғылықты дайындалған альпинистердің өзіне көптеген қиындық тудырады.
Бірінші жағдай – неғұрлым биіктеген сайын, оттегінің азая беруі. Оның салдарынан адамдар тау ауруына шалдығып, арты өлімге апаруы мүмкін. Екіншіден, бұл шыңға шығатын алпинистер көп болғандықтан, туристер кептелісі туындап жатады. Оған қоса, жолда кездесетін тереңдігі бірнеше жүз метрге жететін мұз жарықтарынан өтуге қорқатын туристер өзгелердің уақытын алып қана қоймай, денсаулығына зиян тигізіп алуы ғажап емес.
2. Өлгендер сонда қалады
Әлемнің ең биік нүктесіне көтерілуге бел байлаған адам осындай қайғылы жағдайға ұшыраса, «сол жерде мәңгіге қаламын» деп түсінуі тиіс. Себебі, жансыз денені таудан түсіру іс жүзінде мүмкін емес. Қаза болған адамдардың денесі жолдағы аялдамаларда орналасқан арнайы орындарға қойылады екен.
3. Өте көп қаржы керек
Джомолунгманың танымал және шығу өте қиын болғандығына қарай, кез келген турист өз дайындығымен шыңға жете алмайды. Ол тұтынатын қажетті жабдықтар, сақтандыру құралдары, жол көрсететін қызметкерлерді қосқанда 50-70 мың доллар қаржы жұмсалады.
4. Ең биік шыңды көрудің ең оңай жолы
Денсаулық пен өмірге қауіп төндіргіңіз келмесе Непал астанасынан ұшатын он орындық ұшақтың қызметін пайдаланасыз. Ол бір сағат бойы Гималайдың ғажайып табиғатын тамашалауға және естен кетпес әсер алуға мүмкіндік береді. Дегенмен, ол үшін де қомақты қаржының керек болатынын естен шығармаңыз.
Дайындаған: А.Мейірхан,
Тағы оқыңыз:
Әлем елдеріндегі ҚАЗАҚША аталған ерекше орындар - КӨШЕ, ЕСКЕРТКІШ, МҰРАЖАЙ
Көктемде ҚАЙДА және ҚАЛАЙ саяхаттаған дұрыс?