Әмір Темір әулетіне арналған ҒАЛАМАТ мұражайға БАРЫП КӨРДІҢІЗ БЕ?

0
4 801

Бұл мұражайды әлемдегі ғажап мұражайлардың бірі деуге болады.


Әмір Темір әулетіне арналған ҒАЛАМАТ мұражайға БАРЫП КӨРДІҢІЗ БЕ?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Темуридтер әулетінің тарихына негізделген мемлекеттік мұражай 1996 жылы 18 қазанда Ташкент қаласында ашылған. Зәулім ғимарат Ташкент қаласының орталығында Әмір Темірдің 660 жылдығына орай тұрғызылған.


Мұражай ғимараты ортағасырлық, дәлірек айтқанда "Темурид" кезеңі мен қазіргі заманауи сәулет стильдері бойынша салынған. Дөңгелек пішінді ғимараттың үлкен қабырғалы күмбезі көк майоликамен безендірілген, төбесінде парапеттер, ашық айван және жіңішке бағандар бар. Бағандарды, еден мен баспалдақтарды безендіру үшін ақ түсті мәрмәр қолданылған. Шығыс сәулетінің ең озың үлгісі бойынша ішкі жағы боялған күмбез ганч оюларымен безендіріліп, алтын жалатылған жұқа қабатпен қапталған.

Ғимарат үш қабаттан тұрады. Бірінші қабаты – қызметтік бөлмелерге арналған. Ал, екінші және үшінші қабаттарда мұражайдың жәдігерлері орналасқан. Екінші қабаттағы басты залдың ортасына мұсылмандар үшін қасиетті Құран кітабының көшірмесі орналастырылған.


Мұражайдың басты залына енген адамдарды 1996 жылы Өзбек суретшілер тобы орындаған "Ұлы Темір – Ұлы жасаушы" деп аталатын қабырғадағы сурет қарсы алады. Үш бөлімнен тұратын картина Әмір Темірдің туғаннан қайтыс болғанға дейінгі өмірін бейнелейді.

Картинаның бірінші бөлігінде оның "Сахибкиран" деген есімінің мағынасына сәйкес, "бақытты жұлдыздың астында туылған" деп айтылатын тарихты бейнелейтін жұлдыз салынған. Сондай-ақ, бұл бөлімде бақыт пен бостандықты бейнелейтін қасиетті хумо (самұрық) құсы және нәрестенің дүниеге келуін және оның жоғары көтерілуін тұспалдайтын бейнелер бар.


Картинаның екінші бөлігінде Ұлы билеушінің тақта отырғаны, айналасындағы қызметкерлері, Шахрисябзадағы Ақ-Сарай сарайы және Самарқандтағы Бибі-Ханым мешіті бейнеленген.


Ал, үшінші, яғни соңғы бөлігінде Әмір Темірдің өмірінің соңғы кезеңі, оның қабірі – Гур-Әмір кесенесі бейнеленген. Жалпы, үш бөлімнен тұратын қабырғадағы Ұлы Әмір Темірдің өмірінен сыр шертеді.


Ташкенттің орталығындағы зәулім мұражай ашылған күннен бастап-ақ, ғылым мен ағартушылық жұмыстарының орталығына айналған десек те болады. Себебі, мұражай экспонаттары үлкен тарихи құндылыққа ие. Мұнда зергерлік бұйымдар, қару-жарақ, әскери басшылар мен қарапайым жауынгерлердің киімдері, музыкалық аспаптар, Ұлықбектің астрономиялық аспаптары және Темуридтер дәуірінен бастау алған көптеген басқа да мәдени құндылықтар бар.

Сондай-ақ, мұражай экспозициясында Ұлы Жібек жолы арқылы Әмір Темір мемлекетіне келген археологиялық, этнографиялық және нумизматикалық заттар бар. Мұнда барған адам Әмір Темір мен оның ұрпақтарының еуропалық монархтармен алмасқан хаттарын, шебер миниатюраларды, сол кездегі еуропалық қолөнершілер салған Әмір Темірдің картиналарының көшірмелері сияқты құнды тарихи құжаттарды өз көзімен көре алады. Айта кету керек, бұл картиналардың түпнұсқалары қазіргі уақытта Францияның Ұлттық кітапханасының ғимаратында сақтаулы тұр.


Мұражайдың кәсіби түрде жинақталған экспозициясы Темуридтер дәуірінің лебін жеткізіп, мемлекет, қоғамдық өмір және орта ғасырлардағы мәдениет туралы бай ақпаратқа қанық етеді. Ол экспонаттар "Өзбекстандағы жазу мәдениеті мен тарихы", "Шохрухия бекініс қаласы", "Біздің шетелдегі мұрамыз", "Әмір Темір-Клавихо-Самарқанд", "Әмір Темір өмірінен эпизодтар", "Әмір Темір және Темуридтер – суретшілердің көзімен", "Әмір Темір дәуірі және Ғалымдар мен жазушылардың көзқарасы бойынша Темуридтер" деген тақырыптарға бөлінеді.


Мұражай қорында Өзбекстанның тарихы мен мәдениетін, оның ішінде археология, сәулет декоры, археологиялық металл, тас, шыны, этнография, қару-жарақ, қолжазбалар мен миниатюралар бойынша коллекцияларға бөлінген Әмір Темір мен Темуридтер дәуірін бейнелейтін 3 мыңнан астам экспонат бар.

Металл экспонаттарының ішінен Әмір Темір кезеңінің эпиграфиясы бар қола құмыраны ерекше атап өтуге болады. Алтын, күміс және қола ыдыстар, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар мен керамика – Әмір Темірдің ұлы мемлекет қайраткері ғана емес, сонымен бірге ғылымның, қолөнердің, руханият пен ағартушылықтың жанашыры болғандығын аңғартады. Өте құнды күміс және мыс монеталарда Әмір Темірдің елтаңбасы бейнеленген және Темуридтер әулеті өкілдерінің есімдері жазылған.


Ал, мұражайдың қосымша қоры 2000-нан астам жәдігерден тұрады. Олардың арасында кітаптар, буклеттер, түрлі сыйлықтар, каталогтар, кәдесыйлар, Гур-Әмір кесенесінен алынған заттар, сәулет ескерткіштерінің макеттері (атап айтқанда Бибі-Ханум мешіті, Ақ-Сарай сарайы, Гур-Әмір кесенесі, Ұлықбек медресесі және т.б.) бар. Мұражай экспозициясында ғылымның, мәдениеттің дамуына және дипломатиялық қатынастардың орнатылуына байланысты заттар ерекше орын алады. Олар – ортағасырлық қолжазбалар, хаттардың фотокөшірмелері, ғылыми трактаттар, Әмір Темір және оның дәуірі туралы басылымдар, сондай-ақ Ұлықбектің жұлдызды глобусының макеті.


Деректерге сүйенсек, 2006 жылы мұражайдың 10 жылдығы аталып өтіп, соның құрметіне "Теміридтер тарихының Мемлекеттік мұражайына – 10 жыл" деп аталатын жаңа экспозиция ашылған. Мұражай әкімшілігінің айтуынша, алғашқы он жыл ішінде мұнда түрлі тақырыптағы отызға жуық көрме өткізіліп, Францияда, АҚШ-та, Германияда, Австрияда өткен халықаралық көрмелерде бірегей мұражай экспонаттары көрсетілген.


Сондай-ақ, мұражай экспозициясы бір орында тұрып қалмай, жыл сайын Әмір Темірдің тұлғасын жан-жақты ашып, бүкіл әлем ғалымдарының қызығушылығын тудыратын, Теміридтердің бай мұрасын куәландыратын қызықты жаңа жәдігерлермен толығып жатыр.


Бұл мұражай жайлы жүз рет айтып, мың рет ойланғаннан, бір рет барып көрген артық. Өзбекстанға саяхаттасаңыз, осы мұражайға баруды ұмытпаңыз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Шетелде жүріп төлқұжатты жоғалтып алғанда НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Азиядағы ЕҢ ТАНЫМАЛ туристік орындар