​Ғани НАЗАРБЕК: «Біздің халықта ТУРИСТІК САУАТТЫЛЫҚ қалыптаспаған»

0
4 424


​Ғани НАЗАРБЕК: «Біздің халықта ТУРИСТІК САУАТТЫЛЫҚ қалыптаспаған»


Сіз Қазақстанның қай өңірін туристік сапармен аралап қайттыңыз? Бұл туралы ой бұрын болды ма, жалпы? «Жоқ» деп жауап берсеңіз, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына кедергі болып, кешеуілдетіп отырған Қазақстан азаматтарының бірісіз. Әрі өзіңіз де көп нәрседен құр қалып жүрсіз.

Бәлкім, бөгде жұрттың жеріне асығып, арқалана аттанбай, өз еліміздің табиғатын тамашалауыңызға, қадір-қасиетін қорғауыңызға Ғани Назарбектің сөзі түрткі болар. Сырдария-Түркістан Мемлекеттік Өңірлік паркі туризм бөлімі меңгерушісінің Қазақстан азаматтарына айтары бар.


-Еліміздің ішкі туризмінің қазіргі жағдайына қандай баға бересіз?

- Қазақстанның ішкі туризмі бір орында тоқтап тұр. Ол бар, басталды. Бірақ, осынша қадам алға жылжыды деп айтуға келмейді. Оның бірнеше себебі бар.

Негізінде, туризмді дамытатын кәсіпкерлер ғой. Біздің кәсіпкерлер бұл салаға ақша салғысы келмейді. Өйткені, ол бірден қайтармайды, табыс түсірмейді. Қаражатты құйғасын, қайтарымын он-он бес жыл күтуге тура келеді. Ұзақ күткісі келмейтіндер, бұған тәуекел еткісі келмейтіндер көп. Санаулы ғана патриот азаматтар бар осы салаға ақшасын салып жүрген, бірақ алға жылжу, даму үшін жеткіліксіз.

Одан бөлек, үкімет, жергілікті әкімшілік тарапынан да жұмыстар болуы керек. Бірақ, бізде бұл жағы да тоқтап тұр. Ішкі туризмнің тұралап тұрғанының тағы бір себебі – осы. Көп жерлерде инфрақұрылымның нашарлығынан, жолдың жоқтығынан небір керемет жерлерге жете алмай отырамыз. Жолсызбен, сүрлеу-соқпақпен әупірімдеп әрең жетеміз. Су, электр жарығы мәселесінің де әсері көп.

Одан кейінгі мәселе – біздің халқымызда әлі туристік мәдениеттің қалыптаспауы. Біз қалай демалу керегін әлі білмейміз. Бұл жағынан сауаттылық жоқ деуге болады.


-Соңғы уақыттағы жетістігіміз деп атайтын ештеңе жоқ дейсіз ғой...

- Өкінішке қарай, солай, ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз әлі жоқ. Өйткені, сервис дамымады, қалыптаспады. Жоқ деуге де болады. Саяхат ұйымастыратын гидтер аз. Дұрыс ақпарат бере алатын сауатты гидтер тіптен аз.

Негізінде, ішкі туризмнің өзін бірнеше жікке бөлінеді. Осының кей салаларында сәл болсын әрекет бар. Ал кей салалары әлі қолға алынған да жоқ.

Біріншісі, балалар туризмі. Бізде бұл жағы өлген деп айтуға болады, балалар туризмі мүлде жоқ.

Одан кейінгі – жастар туризмі. Әсіресе 30-40 жас аралығындағы кісілердің нағыз саяхаттайтын, серуен құратын кезеңі. Бірақ, олардың бәрі бағанағы айтқан «маёвкалық» туризмге кетіп қалған. Бұл жағынан да алға жетелейтін, саяхат мәдениетін қалыптастыратын жобалар жүргізіліп жатқан жоқ.

Келесі, әлеуметтік туризм деген бар. Жалпы, Қазақстанда миллионға жуық мүгедек адамдар бар. Бірақ, олардың саяхаттауы, сейіл құруы, табиғат аясындағы демалысы туралы ешкім ойлап та жатқан жоқ.

Тағы бір бөлімі – зейнеткерлер туризмі. Әлем елдерінде ең көп саяхаттайтын осы зейнеткерлер. Біздің үлкен кісілер өздері ұйымдасып зиярат жасауға шығып жатады. Бірақ, мемлекет тарапынан да, жеке кәсіпкерлер тарапынан да зейнеткерлердің жағдайына қарай ыңғайластырған, жағдайы жасалған турлар, жобалар жоқ.

Ал негізінде, осылардың ішінде ең көп табыс әкелетін – балалар туризмі мен зейнеткерлер туризмі.

Пайдадан бөлек, балалар туризмін дамыту біздің болашағымыз үшін өте қажет. Бір жағынан балалардың болашағына, екінші жағынан қоршаған орта, табиғатымыздың болашағына үлкен бір жақсы әсері болар еді.


-Жаңа «біздің халықта туристік сауаттылық қалыптаспаған» деп қалдыңыз. Сонда қандай сауат керек?

-Негізінен, табиғат аясындағы демалыстың мәні – еңбек қабілетін қалпына келтіру. Яғни, ағзаны, ойды, миды тынықтыру. Жұмыстан, қарбаластан шаршаған адамды қайтадан сол тіршілікке дайындау, күш беру. Ол табиғатқа етене жақын болу, одан қуат алу арқылы орын алады. Ал біз, керісінше, демалыс деп шығып, демалыстан шаршап қайтамыз. Өйткені, 90 пайызымыздың ойымыз тамақта. Біз мұны өз арамызда әзіл-шыны аралас «маёвкалық туризм» деп атаймыз. От жағып, тамақ пісіріп, тойып жеп, артынан отырған жерімізге күл-қоқысты шашып кете береміз. Өйткені, соңынан жинап-тазалап, рахметімізді айтып кетуге күш те, уақыт та қалдырмаймыз.


-Өте орынды. Ал биылғы жылдың басты жаңалығы болған, өмірімізге көптеген өзгерістер енгізугі мәжбүрлеген карантин жағдайы ішкі туризмге қалай әсер етті? Пайдасы әлде зияны болды ма?

-Карантиндік шектеулерден турфрималар қиналып қалды. Өзі азғантай турфирма бар өңірімізде. Көп жер жабық, халық жабайы табиғат аясына өз бетімен шығып жатты. Осының салдары турфирмалардың жұмысына біраз тосқауыл болды.

Ал пайдасы дегенде... Карантиннің экологиялық туризмге кішкене жақсы әсері болды. Адамдар жылдағыдай ағылып «маёвкаға» шықпады. Соның себебінен табиғат адамдардан тынығып, тазарып, өз-өзін «емдеп», аз да болса қалпына келтіріп алды. Қоқыстардан тазарды. Бұрындары бір аумақты тазалап қойсақ, келесі апта айналып соққанда қоқыс қайта толып қалатын. Биыл тазалық біраз уақыт бойы сақталатын жағдайда болды.


-Осы салада еңбек етіп жүрсіз. Небір табиғаты тамаша жерлерді жиі аралайсыз. Біздің туризмде «әттеген-ай» дегізетін жайлар сіздердің көзге айқын шалынады ғой. Осы тұрғыда тағы қандай айтар ескертпе, сын немесе ұсынысыңыз бар?

-Тағы бір айта кеткім келетін нәрсе – байланыс мәселесі мен ақпараттың аздығы. Маған көп адамдар хабарласып бір демалыс орны немесе көрнекті нысан жайлы сұрап жатады. Олардың жұмыс уақыты, бару-келу жолы деген сияқты ақпараттарды табу қиын. Тым болмаса байланыс нөмірін тауып берші деп өтініп жатады. Егер демалыс орындары, табиғи саябақтар, басқа да нысандардың жұмыс кестесі, бағасы, жолы – осындай ақпараттар мен байланыс нөмірі қолжетімді болса, оңай табылып тұрса, келушілер саны да артатын еді. Сондықтан, потенциалды туристермен тығыз байланыс орнатуды ұсынар едім.

Халықты да жаппай шетелге шаба бермей, өз елімізді де аралап көруге шақырамын. Жыл сайын сыртқа шығып демалып келушілердің кемінде 50 пайызы өз елімізде қалып, өз қызметімізді пайдаланса, осы уақытқа дейін демалыс аймақтарының саны кемінде 10 есеге өсетін еді. Есесіне, қызмет көрсету сапасы артатын еді.


-Өз елімізді аралауға шақыра отырып, ішкі туризмге қызығушылық танытушы халыққа ҮЗДІК ҮШТІК ретінде қай аймақтарды ұсынасыз?

-Бұл жағынан бөліп-жарып, іріктеп айту қиын. Өйткені, бізде керемет жерлер өте көп. Ал сервис жағынан алып қарайтын болсақ, Ақсу-Жабағылы қорығын айтуға болады. Ол жақта танымдық мақсатта өте керемет жағдай жасалған. Одан кейінгі орынға Іле Алатауын, сосын Өзіміздің Түркістандағы Әзірет Сұлтан қорық-мұражайын атар едім.


-Әңгімеңізге рахмет! Туризм жолындағы табанды еңбектеріңіз жетістікке жетелей берсін.

Сұхбаттасқан: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Осындай аралда өмір сүрер ме едіңіз?


ТУРИЗМ ШЫНДЫҒЫ: ойдан шығарылған көрнекті орындар