Қазақстанда қысқы демалысты өткізуге болатын керемет жерлер бар.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Жаңа жылдық мереке мен демалысты өз елімізде де тамаша көңіл күймен өткізуге болады. Олай детініміз, мемлекет аумағынан шықпай-ақ, туристердің талғамына сай келетін көптеген санаторийлар, пансионаттар, демалыс орталықтарын, әлемдік деңгейдегі қонақ үйлер мен жеке секторда орналасқан демалыс үйлерін табуға болады.
Мәселен, қазақстандықтар ғана емес, шет мемлекеттердің адамдары да ағылып келіп жататын еліміздің байырғы астанасы – Алматы маңындағы әйгілі Медеу мұз айдынына баруға болады. Аумағы 10,5 мың шаршы шақырымды құрайтын бұл жасанды мұз айдыны теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан. Сондай-ақ, ол қысқы спорт түрлерімен айналысуға арналған әлемдегі ең ірі альпілік кешен болып саналады. Медеу мұз айдынына көптеген туристердің келуіне тағы бір себеп ықпал етеді. Ол қолайлы ауа райы. Мұнда қыс мезгілі өте жайлы болып, қақаған қаңтардың өзінде орташа температура -4-5 градус болып тұрады. Сонымен қатар, мұз айдынында бір мезгілде 2-3 мың адам сырғанай алатыны да көптеген адамның қызығушылығын арттырады. Оған қоса, Медеудің маңынан басқа да туристік орындар мен жүздеген шағын қонақүйлерді таба аласыз.
Медеу мұз айдынының жанындағы Шымбұлақ тау шаңғысы курорты да еліміздегі беделді демалыс орындарының бірі болып саналады. Өйткені, ол Іле Алатауының көрінісі көркем шатқалында, теңіз деңгейінен 2260 метр биіктікте орналасқан, халықаралық стандарттарға сай қысқы спорт базасы. Алматы қаласынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Шымбұлақта қысқы ауаның орташа температурасы -7-10 градус аралығында болса, қар жамылғысының орташа қалыңдығы 150 сантиметрге дейін жетеді екен. Шымбұлақта жайлы қонақ үйлер, мейрамханалар, барлар, балалар қалашығы, аспалы жолдар, тау шаңғысы мектебі жұмыс істейді және тау шаңғысына қажетті жабдықтарды жалға беретін әрі жөндейтін сервис ұйымдастырылған. Қысқы мерекелерде балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық бағдарламалары мен конкурстар өтіп тұрады. Тіпті, шетелдік "Форбс" басылымдары Шымбұлақты тау шаңғысы курорттарының ең үздік ондығына қосқан. Сондықтан, біз айтқан курортқа да кемінде бір рет барып қайтқан дұрыс деп ойлаймыз.
Қазақстандағы қысқы демалысты өткізуге қолайлы жерлердің қатарына Шонжының ыстық бұлақтарын, биік таудың басындағы Есік көлін, атақты Қайрақ сарқырамасын қосуға болады.
Ал, батысқа беттеп, Маңыстауға барғыңыз келсе, Каспий теңізінің жағасында демала аласыз. Батыс Қазақстандағы Атырау, Ақтау, Құрық, Ганюшкино, Форт-Шевченко және басқа да Каспий маңындағы курорттар әсіресе ресейліктер арасында танымал екен.
Сондай-ақ, бұл тізімге ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласын қоспауға болмас. Өйткені, бұл қалада қысқы мерекелер өте жоғарғы дәрежеде аталып өтіледі. Одан бөлек, жаңаша келбетке ие болған рухани астана – Түркістан қаласы да бар. Күн сайын жаңа ғимараттар бой көтеріп жатқан көне қала осыдан екі-үш жыл бұрынғысынан әлдеқайда өзгерген.
Әр адам қайда саяхаттап, қайда демалатынын өз шешеді ғой. Десе де, өз еліміз де өзге елдерден кем емес екенін айтқымыз және мақтанышпен айта бергіміз келеді.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Саяхаттап жүріп те АҚША ТАБУҒА БОЛАДЫ