​Таиландқа барғыңыз келе ме?

0
2 803

Тай таксилеріне мінер болсаңыз, бағасын алдын ала келісіңіз. Ал, есептеуіш құрылғысы бар такси жолықса, оның дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізіп алыңыз. Себебі, тай таксистері үшін туристер — ең жақсы «жемтік».


​Таиландқа барғыңыз келе ме?

Астанасы: Бангкок

Ресми тілі: тай тілі

Валютасы: бат

Сағат айырмашылығы: Астана уақыты +1 сағ.

Ұшу уақыты: таңдалған курортқа байланысты, Бангкок аэропортына дейін шамамен 5,5 сағат.

Таиланд — бүкіл әлем туристері арасында ерекше танымалдылыққа ие ел. Экзотикалық өсімдіктер мен жануарлар әлемі, тұмса табиғатымен таңдай қақтыратын аралдары еріксіз тартады. Егер, онда әлі саяхаттап бармаған болсаңыз, назар аударатын кез келді. Ақ құмды жағалаулар, ежелгі ғибадатханалар, табиғаты көркем тау жүйелері мен дәстүрлі базарлары ерекше әсер мен естен кетпес демалыс сыйлайтынына сенімді болыңыз.

Ел аумағы 5 ауданға бөлінеді: Солтүстік, Солтүстік-Шығыс, Шығыс, Оңтүстік және Батыс. Жылдық орташа температура — +32°С. Демалуға ең қолайлы мезгіл — қыс. Қазан-қараша айларында Самуи аралында, мамыр-маусым айларында Пхукет және Пхи-Пхи аралдарында нөсер жаңбыр маусымы басталады.

Демалыс орнын таңдамас бұрын, туристер көп баратын бағыттарымен толық танысып шығыңыз. Бұл ретте бірінші болып алдыңыздан Бангкок шығары сөзсіз. Таиландқа барып тұрып, елдің жүрегі саналатын қалаға соқпай кету мүмкін емес. Бангкокты аралауда қала картасы сенімді көмекші бола алады. Оны өзіңіз тоқтаған қонақүйден не гидтен алуыңызға болады. Оларға әрбір туристке карта беру міндеттелген.

Самуи аралында сізді тұмса табиғат аясындағы, кокос пальмалары астындағы демалыс күтіп тұр. Екі аттам сайын кездесетін түрлі сауда нүктелерінен өзіңізді қызықтырған көптеген бұйымдар таба аласыз. Арал мен Бангкок арасын күніне бірнеше реттік әуе рейсі жалғайды.

Таиландтың тағы бір танымал курорты — Паттайя. Сиам шығанағы жағалауында орын тепкен демалыс орны мен Бангкок арасы 3 сағаттық жол. Әуе қатынасы да жолға қойылған.

Елдің ең үлкен аралы — Пхукет. Инфрақұрылым жақсы дамыған аралда қонақүйлер, жағажай мен көңіл көтеретін орындар, мейрамханалар өте көп. Аквапарк, рафтинг, каякинг, дайвинг орталықтары, түнгі клуб пен би алаңдары ешбір келушінің ішін пыстырмайды. Сондықтан, Пхукет елдің ең элиталы және қымбат аралы саналады.

Тосын жағдай мен қызықты оқиғаларға толы саяхатты бастан кешкісі келгендер Краби курорттарын таңдайды. Краби — голливудтық жағажайлар, киелі орындар, аяусыз тай күресі, тылсымға толы үңгірлер мен джунгли арасына жасырынған сиқырлы көлдер мекені.

Ал, нағыз патша секілді тыныққыңыз келсе, Хуахинге барыңыз. Сізге сәулетті бесжұлдызды қонақүйлер, сән-салтанаты келіскен жағажайлар қызмет ететін болады. Сарайларға саяхат жасап, яхтамен сейіл құрып, жағалауда атпен серуендеу көңіліңізді көкке көтерері анық. Тыныштықты қалайтындар да осында келеді. Себебі, мұнда айқай-шулы би кештері мен көңілді отырыстар өткізілмейді.

Таи еліндегі өзге де көруге тұрарлық орындар:

  • Әлемдегі ең үлкен Крокодил фермасы;
  • Ашық аспан астындағы Мини-Сиам саябағы;
  • Елдің ежелгі астанасы — Аюттая;
  • Зүбаржат Будда ғибадатханасы мен Патша сарайы

Көңіліңізден шығар курортқа тоқтам жасасаңыз, келесі кезекте виза жайлы сұрақ туатыны заңды. Қазақстан азаматтары визаны әуежайдан жасата алады. Ол үшін 4x6 сурет пен анкетаңызды алдын әзірлеп қойғаныңыз жөн. Анкета ұшақта беріледі. Ақысы төленген қайту билетіңіз де тексеріледі. Бұл визаның жарамдылық мерзімі — 15 күн. Одан асқан әрбір күн үшін 500 бат көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді. Бірақ, бұл да тек 3 күнге ғана. Ал, Қазақстандағы Таиланд елшілігі арқылы жасатқан виза мерзімі одан ұзағырақ болуы мүмкін. Қауіпсіздік үшін барлық құжаттар мен қайту билетінің көшірмесін жасап алу ұсынылады.

Елде қонақүйлер өте көп болғандықтан, әрбір келушіге өз қалтасы мен қалауына қарай кең таңдау мүмкіндігі бар. Екі адамдық орын бағасы 20 000 теңгеден басталып, бесжұлдызды қонақүйлерде 1 миллионнан асып жығылады. Ал, тым қатты үнемшілдікті қаласаңыз, бір нөмірі 5 000 мен 20 000 теңге арасында бағаланатын қарапайым қонақүйлер де табылады.

  • Байланыс үшін бірден жергілікті SIM-карта сатып алып, шексіз ғаламтор тарифіне қосылыңыз. Әуежайда және барлық супермаркеттерде сатылатын SIM-карта бағасы шамамен 10 доллар болады.
  • Валюта айырбастауды тек банкте немесе айырбастау пунктнде ғана жүзеге асырыңыз. Қонақүйлерде де валюта ауыстыру пункттері бар, алайда ол жерден ауыстыру сіз үшін тиімсіздеу.
  • Тай таксилеріне мінер болсаңыз, бағасын алдын ала келісіңіз. Ал, есептеуіш құрылғысы бар такси жолықса, оның дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізіп алыңыз. Себебі, тай таксистері үшін туристер — ең жақсы «жемтік».
  • Таксиге қарағанда үнемді қатынас көлігі — тук-тук. Алайда, оған да отырмас бұрын бағасын келісуді ұмытпаңыз.
  • Курорттардан тас немесе ұлу қабыршақтарын өзіңізбен алып кеткіңіз келсе, міндетті түрде сатып алып, чектерін елден шыққанша сақтауға тиіссіз.
  • Мұнда күн сәулесі барынша өткір, сондықтан, күннен қорғайтын кремді молынан қамдаңыз.