Тамызда қайда барып демалған дұрыс?

0
2 696

Жылына бір берілетін демалысыңыз тамызға тап келіп тұр ма? Ендеше, осы айда тынығушыларды жайлы климатымен, жұмаққа бергісіз жағажайларымен қарсы алатын елдер қатарымен таныс болыңыз. Таңдауды осылардың ішінен жасасаңыз, жақсы болар.


Тамызда қайда барып демалған дұрыс?

Фото: idliga.com

Жылына бір берілетін демалысыңыз тамызға тап келіп тұр ма? Ендеше, осы айда тынығушыларды жайлы климатымен, жұмаққа бергісіз жағажайларымен қарсы алатын елдер қатарымен таныс болыңыз. Таңдауды осылардың ішінен жасасаңыз, жақсы болар.

Ницце, Франция

Ауа температурасы: 25-270С.

Су температурасы: 250С.

Ницценің тамыздағы зеңгір көкпен астасқан жағалаулары жағажайлық демалысты ұнататындардың көңілінен шығары күмәнсіз. Бұл уақыттағы Ницце — шілденің шіліңгір ыстығы өтіп, күн көзі қыздырғанмен, күйдіре қоймайтын аса бір жайлы уақыт пен мекеннің қосындысы.

Занзибар, Танзания

Ауа температурасы: 25-310С.

Су температурасы: 260С.

Әлемнің үздік жағажайлары қатарына кіретін Занзибар архипелагының жағалаулары расында да жұмаққа бергісіз мекен. Біздің уақыт белдеуіндегі қыс айларында 40 градустық ыстық болып, көктемде жаңбырлы маусым басталатын мұнда демалуға ең жайлы климат жаз айларында орнайды.

Гагра, Абхазия


Фото:
pix-feed.com

Ауа температурасы: 25-290С.

Су температурасы: 240С.

Қара теңіз жағалауындағы курорт туристерді жұмсақ климатымен, көркем табиғатымен және тарихи-архитектуралық жәдігерлерімен тартады.

Искья, Италия

Ауа температурасы: 27-310С.

Су температурасы: 260С.

Құмды жағажай мен жылы теңіз суы — Искьяның тынығушыларды тартатын магниті бұл ғана емес. Италиядағы атақты жанартау орнынан ашылған спа-орталық, ыстық су көздері, термальды кешен, табиғи сауна — мұнда демалу мен денсаулықты түзеуге мүмкіндік мол.


Әлемдік фестивальдерді тамашалағыңыз келсе...

Чикаго, АҚШ

Ауа температурасы: 20-260С.

2-5 тамыз күндері Чикагодағы Грант-парк аумағында Америкадағы ірі музыка фестивальдарының бірі — Lollapalooza өтеді. Жан-жаққа құрылған онға жуық сахналарда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған атақты музыканттар өнер көрсетеді. Әлемдік музыка мерекесін өз көзіңізбен тамашалап, сүйікті жұлдыздарды бір жерден көргіңіз келсе, тамыз басталмай жатып Чикагоға жол тартыңыз.

Эдинбург, Шотландия


Фото:
euromag.ru

Ауа температурасы: 11-180С.

Ыстық пен суды аса ұнатпайтын болсаңыз, көңіліңіздің қалауы — көлеңкеде не салқында уақыт өткізу болса, Эдинбург сізді күтуде. Мұнда ішіңіз пыспайтынына сенімді болыңыз. Өйткені, 3-27 тамыз күндері аралығында әлемдік Театр өнері фестивалі өтіп жатады. Бас-аяғы бір айға жуыққа созылатын фестиваль аясында әлемдік театр саңлақтары қойылымдарын тамашалай аласыз. Ерекше безендіріліп, әрқайсысы бір-бір сахналық декорацияға айналғандай әсер беретін Эдинбург көшелерін серуендеудің өзі ұмытылмас әсерге бөлейді.

Будапешт, Венгрия

Ауа температурасы: 19-260С.

Тамыздың 8-не Будапештің орталығындағы Обуда аралында ірі еуропалық музыка фестивалі Sziget бастау алады. Төрткүл дүниеден жарты миллионнан астам адам мен өнерпаздар жинайтын фестиваль бір аптаға созылады.

Гуча, Сербия

Ауа температурасы: 21-280С.

Тарихы 1961 жылдан басталатын Guca Trumpet Festival халықаралық кернейшілер фестивалі биылғы жылы 9-12 тамызға белгіленген. Дүниенің төрт бұрышының кернейшілері осы айда «Алтын керней» премиясын алу үшін Гучаға қарай ағылады. Егер, осы бір аспаптың үні құлақтан кіріп, бойыңызды алатын болса, сіз де керней мерекесіне қарай асығыңыз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ