​Тәжірибесіз ТУРИСТ жиі жіберетін ҚАТЕЛЕР

0
2 198

Олар саяхатқа кеткен уақыт пен ақшаны желге ұшырады


​Тәжірибесіз ТУРИСТ жиі жіберетін ҚАТЕЛЕР

Бөтен ел, бөгде жерге бару үшін үлкен тәуекел қажет. Себебі, онда саяхатшыны белгісіздік пен тосын жайттар күтіп тұрады. Оның бәріне дайын болып, саяхатын ойдағыдай өткізу үшін тәжірибе не тәжірибелі туристің кеңесі ауадай қажет. Осы орайда тәжірибесі аз туристер жиі жіберетін қателіктермен танысып, оларды қайталамауға тырысыңыз.


Елдімекеннің шет жағына жайғасу

Қай ел, қай қалада болмасын, шеткері аудандарда тұрғын-жайды жалға алу ақысы арзанырақ болып келеді. Кей туристер ақша үнемдеу мақсатында осы шет аудандарға тұрақтап жатады. Нәтижесінде, бұлай қол жеткізген үнемнің жол шығынымен-ақ шығып кететінін кеш біліп жатады. Тіпті, кейде жол шығыны үнемделген ақшадан асып кетуі мүмкін. Оған тағы жолға кететін уақыт шығыны мен тұрмыстық жайсыздықтарды қосыңыз.


Тегін алуға болатын қызметтерді білмеу

Сырларын білсеңіз, саяхат кезінде ақша үнемдеу амалдары біршама. Тіпті, кейде қайсыбір қызметтерді, заттарды тегін алуға да болады. Оны білу үшін ден қойып, уақыт бөліп ізденсеңіз болғаны. Сол үшін туристерге арналған сайттар, әлеуметтік желідегі топтарда белсенді болып, ондағы адамдармен ақпарат алмасып, жаңалықтарды бақылап отыру қажет. Тегін көрме, ашық есік күндері, мұражайға ақысыз кіру күндері дегендей ақпараттар міндетті түрде ұшырасып тұрады.


Саяхатшылар пікірін оқымау

Қай елге, қандай жерге аяқ баспақ болсаңыз да, алдымен ол туралы ақпарат жинайтыныңыз анық. Ғаламтордағы не турагенттіктер мәліметімен шектелмеңіз. Шынайы туристердің, өз бетінше саяхаттайтын жиһанкездердің пікірімен де танысыңыз. Көбіне, ең пайдалы да қажетті деген, дәл қазіргі уақыттағы жағдайды сипаттайтын ақпараттарды осындай шынайы пікірлер арқылы білуге болады.


Өзімен өте көп зат алу

Саяхаттау – жайлы зонадан шығу. Барар жеріңізде сізді бар жағдайы жасалған, жаныңа не керектің бәрі бар жай күтіп тұрмауы мүмкін. Бұл өз үйіне үйреніп қалған кісілер үшін қиынырақ. Сондықтан саяхатшылардың көпшілігі жүрген жерінде жағдайы жақсы болу үшін не керектің бәрін өзімен алып жүргісі келеді. Алайда, бұл – кезекті қателік. Бар жайымды жасаймын деп алған заттарыңыздың біразының тіпті де қажеті болмауы мүмкін. Есесіне, артық жүк болып, жайсыздық туғызады.

Ақшаны тек картада не тек қолма-қол ұстау

Саяхат кезінде ең керектің бірі – ақша. Оны ұстауға ең сенімді әрі ыңғайлы жол қайсысы – карта әлде қалта? Дұрысы – екеуі де. Яғни, саяхат кезінде жұмсауға бөлген қаражатыңыздың бір бөлігін картада, бір жартысын қалтада ұстаңыз. Картадағымен төлем жасау мүмкін болмаған кезде қалтадағымен есеп айырысасыз. Қалтадағы қолды болған жағдайда, картадағы құтқарады.


Сөйлеуге қысылу

Шетелге енді шығып жүрген саяхатшылар қысылып-қымтырылатын бір жайт бар. Ол – жергілікті адамдармен сөйлесу, жөн сұрау. Ойындағысын өз тілінде айтайын десе, «бәрібір түсінбейді» деп ойлайды, халықаралық тілде сөйлеуге толық білмейтінінен не акцентінен ұялады. Бұл екі ой да саяхат кезінде алуға болатын пайдалы ақпараттарды тек тежейді. Оның орнына, еш қысылмастан, бар білгенін айтып, оған өз тілін қосып, қалғанын ым-ишарамен жеткізсе де, тілдесуге тырысқандар әлдеқайда көп ұтады.


Аз күнде көп көруге тырысу

Көбіне, шетелге шыққандар айналдырған азғантай күннің ішінде барынша көп жерді көріп қалуға тырысады. Содан келіп бір жерден екінші орынға асығып, ақыр соңында не анда болмаған, не мында болмағандай күй кешеді. Әр нысанның өз атмосферасын сезініп, толықтай танысу үшін көбірек уақыт бөліп, асықпай аралау маңызды. Сондықтан, саяхат жоспарын дұрыс жасаңыз. Бір елдің не қаланың көрікті нысандары бір жолғы саяхатқа сыймай қалуы қалыпты жағдай. Таңдау жасап, кейбірін келесі жолға қалдыруды үйреніңіз.

Аударған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


«COVID-19» кесірінен енді авиакомпания шарттары өзгереді


2020 жылы туристерсіз күні қараң болған 7 ел