Қыс мезгілінде саяхат бағыттары көбейіп, тауда, теңізде, тіпті жағажайда да демалуға мүмкіндік туады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Қыс мезгілінде саяхатшылар үшін көптеген бағыттар қолжетімді болады. Оған қоса, кейбір танымал бағыттарға бару құны айтарлықтай төмендейді. Соның әсерінен жолдамалар саны күн сайын азайып, қонақүй бөлмелері де тез сатылып кетеді. Сондықтан, қысқы демалысты ертерек жоспарлап, барлығын алдын ала «брондау» керек.
Қыстағы жағажай демалысы
Қыс мезгілінде теңіз жағасына барып демалғыңыз келсе, Үнді мұхитының жағасындағы Шығыс елдерінде баруға болады. Себебі, қыс айларында Вьетнам, Таиланд, Гоа, Бали сияқты танымал елдерде ауа-райы жылы және құрғақ болады.
Таиландқа баратын туристер көбіне Пхукет аралын таңдайды. Мұнда жағажай демалысы тыныш өтеді және қонақүйлердің көпшілігі отбасылық демалысқа арналған. Жағажайлары таза.
Вьетнамға арналған турлар қыста қымбаттайды. Өйткені қыс мезгілі бұл елдегі туристік маусымның шыңы. Туристер көбіне күн жылы, жауын-шашынсыз және желсіз болатын Оңтүстік курорттарға демалуға барады. Туристерге жергілікті тағамдар, ерекше курорттық емдеу орталықтары, экзотикалық табиғат пен жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығы ұнайды.
Ал, Гоаға турлар арзандайды және Оңтүстік Гоа курорттары отбасылық туристер үшін өте қолайлы болады. Штаттың солтүстігіне шулы компаниялар көп келеді.
Туристер Балиді серфинг, мұхиттың жылы суына шомылу, көптеген ежелгі өнер мен сәулет ескерткіштерін көру үшін таңдайды. Бірақ, бұл елге ұшып жету уақыты ұзақ болғандықтан, баға шамалы қымбатқа түседі.
Қыс мезгілінде Египетке арналған турлар да сұраныс ие болады. Дегенмен, бұл елдегі ауа-райы басқа елдердегідей ыстық болмайды. Египетке арналған жолдама бағасы басқа да танымал қысқы жағажай курорттарына қарағанда әлдеқайда төмен.
Кариб теңізі де қысқы жағажай демалысына арналған танымал бағыт болып саналады. Доминикан да ең танымал демалыс орындарының бірі. Мұнда сапалы қызмет көрсететін және дамыған инфрақұрылымы бар жоғары деңгейдегі қонақүйлер салынған. Туристерге ақ құмды жағажайлар, дәмді тағамдар, жаңа піскен көкөністер, жемістер мен теңіз өнімдері ұнайды.
Отбасылық демалыс үшін Біріккен Араб Әмірліктері де тамаша таңдау. Егер қала аралап, көрікті ғимараттарды көргіңіз келсе, Дубайға барғаныңыз жөн.
Таудағы шаңғы демалысы
Көптеген спорт әуесқойлары қыста тау шаңғысымен жабдықталған курорттарға барады. Тиісінше, қыста көптеген тау курорттарында әртүрлі акциялар мен қонақүйлерде тұруға және арнайы жабдықтарды жалға алуға жеңілдіктер қарастырылады.
Ең жақсы тау шаңғысы курорттары Еуропада орналасқан. Яғни, Альпі тауының айналасындағы Франция, Германия, Австрия мен Италияда. Тамаша шаңғы трассалары Финляндия, Норвегия мен Швецияда да бар.
Сонымен қатар, бюджеттік демалыс үшін Түркия таулары қолайлы. Отбасымен демалатын туристер осында баруды жөн көреді.
Экскурсиялық демалыс
Көптеген туристер қыста экскурсияға баруды да жөн санайды. Ал, экскурсиялық демалыстың ең танымал бағыты – Еуропа. Себебі, рождестволық және жаңа жылдық мерекелер аясында көптеген қалаларда жәрмеңкелер мен сатылымдар өтеді.
Соның ішінде, Испанияның Мадрид және Барселона қалалары туристерге ерекше экскурсиялық бағдарлама ұсынады. Сондай-ақ, туристер елдің солтүстігіне шаңғы тебуге бара алады. Майорка мен Канар аралдарында ауа-райы 20 градусқа дейін жылы болады.
Туристер Италияға да тек қысқы спорт түрлерімен айналысу үшін ғана бармайды. Бұл ел шипажайлары және курорттарымен де танымал. Мұнда сіз керемет сәулет ескерткіштерін, көптеген мұражайларды, ұлы суретшілер мен мүсіншілердің туындыларын көре аласыз. Елдің мәдениетімен танысу үшін Римге, Флоренцияға, Венецияға бару керек. Ақпан айында әйгілі Венеция фестивалі өтеді.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
ЕШҚАШАН ҰЙЫҚТАМАЙТЫН ҚАЛА: Мумбайға барып, не көруге болады?