Жердегі жұмбақ: Салмағы 300 келіден асатын тастар өздігінен жылжып жатыр (видео)

0
7 579

Біздің планетамыз жұмбақ жерлерге толы. Олар күнде естіп жүрген Бермуд үшбұрышы, Стоунхендж немесе Пирамида ғана емес.


Жердегі жұмбақ: Салмағы 300 келіден асатын тастар өздігінен жылжып жатыр (видео)

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Ғаламшардың кез келген бұрышына назар аударсақ, тылсым жаратылысымен ерекшеленетін жерлерді біліп жатамыз. Олар кез келген адамды тәнті ете алады, әрі оларды біліп жүрген де артық емес. Сондықтан, бүгін тарихи және табиғи жұмбақ жерлер жайында жазамыз.


1. Елестер аралы


XX ғасырдың 30-шы жылдарына қарай Жапониядағы Хасима аралы маңызды өнеркәсіптік орталық болған: мұнда көмір өндірген және әскери зауыттар жұмыс істеген. Сондай-ақ, 50 жыл бойы арал жер бетіндегі халық ең тығыз қоныстанған орындардың бірі болған – 1 шаршы шақырымға 5259 адам. Ал, одан кейінгі онжылдықта Хасимадағы өндіріс құлдырап, арал босап қалған және қазір «елеске толы арал» болып тұр.


2. Түрлі түсті көл – Британдық Колумбия, Канада


Клилук көлі әр түрлі минералдардан тұрады, магний, кальций және натрий сульфатының, күміс және титанның әлемдегі ең үлкен концентрациясына ие. Сол себепті, ыстық уақытта су буланған кезде көлдің бетінде түрлі түсті көптеген дақтар пайда болады. Сонымен қатар, көл суының күшті емдік әсері бар.


3. Шыны тасты жағажай – Калифорния, АҚШ


Маккеррихер ұлттық паркіндегі бұл жағажайда көптеген шыны тастар жатады. Жергілікті тұрғындар 1906 жылдан 1967 жылға дейін жағажайға тұрмыстық қалдықтарды, ескі техникаларды, автокөліктерді, шыныныларды лақтырып тастаған. Содан кейін, билік жағажайды дұрыстау үшін тазалау жұмыстарын бірнеше рет жүргізеді. Ал қалып қойған шыныларды толқындар түрлі түсті тастарға айналдырған. Қазір жағажай көптеген туристер келетін көрікті орын болып тұр.


4. Ең үлкен айна – Боливия


Альтиплано жазығының оңтүстігіндегі бұл тұзды көл теңіз деңгейінен 3650 м биіктікте орналасқан. Ауданы 10 588 шаршы шақырым. Жауын-шашын маусымы кезінде көл беті судың жұқа қабатымен жабылып, әлемдегі ең үлкен айнаға айналады.


5. Қаңқалар көлі (Роопкунд) – Үндістан


Аталған Уттаракханд Үнді штатының аумағындағы қаңқалар көлі – Гималайдағы биік таулы мұздық көл болып саналады. Көлдің жағасында көптеген қаңқалар бар. Оксфорд университетінде өткізілген талдау бұл сүйектер біздің дәуіріміздің VIII ғасырында өмір сүрген адамдарға тиесілі екенін көрсеткен, ал олардың өлімінің себебі – үлкен бұршақтардың жаууы болған.


6. «Өзін өзі өлтіру» орманы


Жапониядағы бұл орманды «өзін өзі өлтіру» деп атап кеткен. Себебі, соңғы 60-70 жыл ішінде мұнда 500-ден аса мәйіт табылған. Ал, орманға кіре берісте: «Сіздің өміріңіз ата-аналарыңыздың баға жетпес сыйлығы. Өлердің алдында полицияға қоңырау шалыңыз», - деген тақтайшаға жазылған сөздер орнатылған.


7. Бес түсті өзен – Каньо-Кристалес, Колумбия

Өзен суы түрлі балдырлардың әсерінен өз түсін өзгертіп отырады. Жергілікті тұрғындар оны «бес түсті өзен» деп атайды.


8. «Мақта бекінісі» — Түркия


Бұл геотермалды су көздері жиналған Памуккале су қоймасы. Памуккале «мақта бекінісі» деген мағынаны білдіреді және ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының табиғи және мәдени нысаны болып есептеледі.


9. "Қанды" сарқырама – Антарктида


Сарқырама шығыс Антарктидадағы Мак-Мердо құрғақ аңғарында ағып жатыр. Судың қан-қызыл түсті болуы құрамындағы темір оксидінің көптігіне байланысты. Айта кетейік, бұл жерді 1911 жылы Австралиялық геолог Гриффит Тейлор ашқан.


10. Жылжымалы тастар – Калифорния, АҚШ


Рейстрек-Плайя – Калифорниядағы «өлім алқабы» ұлттық паркінің солтүстік-батыс бөлігіндегі құрғаған көл. Бұл жұмбақ жер – құрғаған көл табанындағы қозғалатын тастармен дүниежүзіне белгілі. Мұндағы тастар өздігінен қозғалады, бірақ ешкім ешқашан ол құбылысты камераға түсіре алмайды. Тастардың салмағы 300 келіден асады екен.


11. «Мәңгілік алау» сарқырамасы – Нью-Йорк, АҚШ


«Мәңгілік алау» сарқырамасы – Нью-Йорк паркінің ең көрікті орны. Сарқырама тоқтаусыз жанып тұратын алаумен танымал, ол шағын тереңдікте сарқыраманың артынан жанып тұрады. Жұмбақтың шешімі – бұл жерде табиғи газ ағып өтетін кішігірім тау сынықтары бар. Кейде жалын өшіп қалады, бірақ үздіксіз келетін туристер оны тез қалпына келтіреді екен.


Жер бетінде осындай тарихи және табиғи жұмбақ жерлер бар. Бірақ, бұл барлығы емес.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Тоқтап тұрған көлік өздігінен көтерілетін тау немесе тартылыс күшіне бағынбайтын орындар бар (видео)


Ресми астанасы жоқ, тіпті астана салатын жері жоқ елдерді білесіз бе?