Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Шымкенттік полицейлер алаяқтық жасаған күдіктілерді құрықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өткен жылдың күзінде қаладағы дүкендердің бірінде үш әйел қала тұрғынына жақындап, тез баюдың қызықты схемасын ұсынған. Олар тұрғынды бір миллион теңге көлемінде несие алуға көндіріп, 300 мың теңгені өзіңе алып, 700 мың теңгені бізге берсең, несиені толықтай өзіміз жабамыз деп сендірген.
Бірақ несие төлейтін уақыт жақындағанда әйелдер із-түссіз жоғалып кеткен. Содан кейін жәбірленуші полицияға жүгінген. Полиция қызметкерлері куәгерлермен сұхбаттасып, алаяқтар жүруі мүмкін жерлердегі бейнекамералардың жазбаларын көрді.
Көп ұзамай жедел уәкілдер олардың ізіне түсіп, әйелдердің жеке басын анықтап, оларды қамауға алды. Үшеуі де Түркістан облысының тумалары болып шықты. Тергеу барысында бір схема бойынша алаяқтардың 500-ге жуық адамды алдағаны белгілі болды. Келтірілген жалпы шығын шамамен 400 миллион теңгені құрады.
“Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде осы қылмысқа қатысты үш азаматша анықталды. Олардың алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет қылмыс жасағаны анықталды. Аталған тұлғалар күдікті деп танылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде”, – деді
Шымкент қаласы ПД Әл-Фараби ауданы АПБ тергеушісі Спандияр Зайнидин. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.