Абаттанған Қошқар ата: Шомылуға келгендер дән риза

0
3 428

Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары жазғы демалысын Қошқар ата өзенінде өткізуде.


Абаттанған Қошқар ата: Шомылуға келгендер дән риза

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары Қошқар ата өзеніне ағылып баруда, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары жазғы демалысын Қошқар ата өзенінде өткізуде. Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан, «еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін» сол өзен бойында.

2-3 күн көлеміндегі ауа температурасының көтерілгеніне байланысты суға түсіп демалушылар саны бұрынғыдан да көбейе түскен. Түс мезгілінде шомылатын орындарда демалушылар ығы-жығы.

«Өзенге абаттандыру жұмыстары жасалып, тазаланғалы бері жанымыздың рахаты үшін осында көп келетін болдық. Суы мөлдір, табаны таза. Күн ысыса болды осында бала-шағамызбен келеміз. Кейінгі күндердегі ыстық та әсер етіп жатыр оған. Түстен кейін шомылатын жерлерде ине шаншар орын болмайды. Балалар қызыққа, біз денсаулыққа бір пайдасы тиер деп келіп жүрміз», - дейді демалушы ата-аналар.

Мұнда қала тұрғындары тек шомылып қана қоймай, кейбіреулері қауын-қарбыз, сусындар сатып шағын сауда жасауда.

Сонымен қатар, өзен бойындағы демалыс аймақтарында қоқыс мәселесі де оңтайлы шешіліп, жұмысшылар қызмет атқаруда.

Еске сала кетейік, осы жылы жоспар бойынша Қошқар ата өзенінің 1,6 шақырым жеріне абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілгенін жазған болатынбыз.