Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қару ұрлағандар Шымкентте ұсталды

0
519

Олар екі «Сайга» аңшылық карабины мен 70 оқ-дәріні сатып үлгерген.


Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қару ұрлағандар Шымкентте ұсталды

Шымкенттік полицейлер Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қару ұрлағандарды ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Абдраманов мәлімдеді.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы дүкеннен қару ұрлаған үш күдіктіні ұстады. Олардың екеуі елдің оңтүстік астанасында жалдамалы пәтерде тұрған, ал үшіншісі ескі достарында қонақта болғаны анықталды. Қару-жарақ дүкені тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан, ал жас жігіттер жағдайды пайдаланып, ұрлық жасауға шешім қабылдаған. Жігіттер дүкеннен қолына түскеннің бәрін алып, жасырыну мақсатында Шымкентке жол тартқан", - деді Дәулеткелді Абдраманов.
Олар екі «Сайга» аңшылық карабины мен 70 оқ-дәріні сатып үлгерген. Жедел уәкілдер сатып алушыларды да анықтап, ұстаған. Ал тирге арналған мылтықты жігіттердің бірі өзінде қалдырған.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 291-бабымен «қаруды жымқыру» СДТТБТ-не тіркелді. Күдіктілердің үшеуі де Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Қазір олар қамауда", - деді Шымкент қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Абдраманов.
Департаменттің бас тергеушісі полиция қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған қаруларды анықтау бойынша жедел-іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтіп, заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар, егер олардың іс-әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын жеткізді.