Марқұмның отбасы, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.
Есімі тек Шымкентке ғана емес, республикаға белгілі сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Әшірбаев мезгілсіз өмірден өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бақытжан Әшірбаев тек сәулет өнерімен ғана емес, ақын, сазгер ретінде де танылып үлгерген сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Сондай-ақ, Шымкент және Түркістан қалалары архитектурасының дамуына өшпес із қалдырған. Өзінің қайталанбас туындыларымен, Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына арналған Түркістан қаласының құрылысына атсалысқаны үшін және Шымкенттегі «Тәуелсіздік саябағы» кешені авторының бірі ретінде әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарының иегері атанған болатын.
Марқұмның отбасы, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.
Бақытжан Әшірбаев Шымкент қаласында дүниеге келген. "Сәулетші" мамандығы бойынша жоғары білім алған соң, туған қаласында көп жылдар бойы сәулет пен құрылыс саласында еңбек еткен. Еңбек жолын 1975 жылы Шымкенттегі "Южгорсельпроект" мемлекеттік жобалық институтында сәулетші болып бастаған. 1981-1999 жылдар аралығында Шымкенттің бас сәулетшісі болған. 1999-2005 жылдар аралығында "Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын өткізу мен дайындығы бойынша дирекцияны" басқарған. Осы еңбегі үшін мемлекеттік сыйлық алған. Кейін ОҚО бас сәулетшісі, ОҚО әкімінің орынбасары, "Оңтүстік басжоспар" ЖШС директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Бақытжан Әшірбаев сондай-ақ фото түсірумен әуестенген. Тіпті, бірнеше рет өзінің көрмесін ұйымдастырған. Сонымен бірге сәлуетші кино түсіру жұмыстарымен де айналысқан.
Дереккөз: aigak.kz