ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Шымкентке іссапармен келді.
Бүгін Шымкентке Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайымен танысу мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев арнайы келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Алғашқы сапарын министр Шымкент қалалық клиникалық ауруханасындағы апаттан зардап шеккен екі науқастың жағдайын көзімен көрді. Зардап шеккендердің бірі 57 жаста болса, екіншісі 16 жасар. 57 жасар азаматшаға дәрігерлер шұғыл түрде ота жасаған. Ал, 16 жасар жігіт қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр дейді дәрігерлер.
Сондай-ақ, министр Бердібек Сапарбаев қалалық балалар ауруханасында жатқан сегіз жастағы баланың хәл-жағдайын көріп шықты. Балақай жол көлік оқиғасында жарақат алған. Оқыс жағдай кезінде баланың басына зақым келіпті. Қан кетуді жою мақсатында дәрігерлер балаға шұғыл түрде ота жасаған. Операциядан соң Алматыдан арнайы жеткен реаниматолог пен нейрохирург баланы қарап шықты. Қазір бала жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр.
Сапар барысында "Үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп интернатының" жатақханасына келді. Бүгінгі таңда 406 азамат жатақханаға орналастырылған. Олардың ішінде 251 балалар. Қазіргі кезде аталмыш азаматтарға барлық жағдай қарастырылған. Сондай-ақ Асар мөлтекауданында орналсқан «Үммет» қайырымдылық қорының балалар үйіне 222 азаматқа жағдай жасалынса, №89 орта мектебі бүгінде 67 азамат жағдай жасалынып отырғандығына көз жеткізді.
"Барлық мемлекеттік огандар көмектесіп, қолдан келген көмегін беріп жатыр. Шымкент қаласында 64 мектепте осындай бекет бар. Сол жерге 45 мың адам өздерінің өтінішін берген, бірақ соның ішінде 10 мың адамы тұрып жатыр. Баспана мәселесі бойынша мына Шымкентте бос тұрған, дайын тұрған баспана жоқ. Шымкенттің өзінде пәтер кезегінде 36 мың адам тұр. Пәтердің өзі Заңға сәйкес кезегіне байланысты берілді. Ал, сіздердің тұрған үйлеріңіздің бәрін қалпына келтіреміз!", - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.