Биылдан бастап пәтерлер енді 3 жыл мерзімге пайдалануға берілетін болады.
Шымкент қаласында жыл соңына дейін қалада "Жұмысшы жастар" тұрғын үй бағдарламасы аясында 888 азамат арендалық пәтермен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өтініш берушінің өтініш бергенге дейін соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуі болуы және иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс. Сондай-ақ, қатысушының айлық табысы 40 АЕК - тен кем болмауы қажет.
Қатысушаларды іріктеу балдық жүйе арқылы іске асады. Шымкент қаласы бойынша әзірге жастар бағдарламасы басталған жоқ. Бұл бойынша алдын ала БАҚ-та және әлеуметтік желіде хабарландыру жарияланатын болады.
Тиісті заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес, биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, бірқатар мемлекеттік қолдауларға ие болуда. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде қабылданған заң бірнеше жаңа нормаларды қамтиды. Бұған дейін жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, бұдан былай 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осылайша жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артпақ.
Сондай-ақ, 2023 жылға қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып, ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап тұрғын үй сертификаттарын алу үшін электронды түрде құжат қабылдау жүргізілуде. Қазіргі таңда 141 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді.