Кездесуде есірткінің адам өміріне әкелер зияны туралы сөз қозғалды.
26 маусым - Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай, Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Есірткісіз болашақ» тақырыбында Түркістан индустриялды-құрылыс колледжі ғимаратында нашақорлықтың алдын бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған шараның мақсаты - салауатты өмір салтын ұстана отыра, жастар арасындағы нашақорлыққа тәуелділіктің алдын алу және жат қылықтардан аулақ болуға баулу.
Кездесуге Шымкент қаласының Полиция департаменті тарапынан Есірткі қылмысына қарсы iс-қимыл басқармасының жедел аға уәкілі полиция майоры Карбеков Бауыржан, Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Уәлихан Самат Шоқанұлы, Шымкент медресе колледжінің оқытушысы Жомарт Дөрбетхан қатысты. Олар есірткінің адам өміріне әкелер зияны мен оны қолданған жағдайда заң аясында қандай жауапкершіліктердің қаралғаны жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ, дін саласының маманы діни экстремизм жөніндегі ақпараттандыру жұмыстарына тоқталып, жат ағымдардан сақ болуға шақырды.
“Нашақорлық – бүгінгі күннің ең қауіпті тәуелділік дерттерінің бірі. Ол адам өміріне ғана емес қоғамға қауіпті. Біз өздеріңізбен жауапты сала қызметкерлерімен бірлесе отыра, кездесулер, акциялар тіпті, спорттық сайыстар ұйымдастырып тұрамыз. Басты мақсат - салауатты өмір салтын ұстанып, жат қылықтардан аулақ болуға шықырамыз”, - деді Есірткі қылмысына қарсы iс-қимыл басқармасының жедел аға уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков.
Айта кетейік, Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Мобильді топ» мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бағытында «Акбар» базарында ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аталған шара жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бағдарламалары мен тұрғын үй жөнінде ақпараттармен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.
Түсіндірме жұмыстары барысында мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары: “Жастар практикасы”, «Алғашқы бос жұмыс орны», 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын шағын несие жөнінде толыққанды мағлұматтар айтылып, жадынамалық парақшалар тарқатылды.