Фотограф Мақсат Шағырбаев: "Шымкенттік ардагерлердің тұрмыстық жағдайы қиындау"

0
2 527

Ұлы жеңіс мерекесі қарсаңында шымкенттік фотограф Мақсат Шағырбаев, "Ешкімде, ешқашан да ұмытылмайды" деген тақырыппен көрме ұйымдастырды.


Фотограф Мақсат Шағырбаев:

Фотограф Мақсат Шағырбаев Ұлы жеңіс күніне орай, Шымкент қаласы Абай саябағы "Даңқ мемориалы" маңында "Ешкімде, ешқашан а ұмытылмайды" деген атаумен фото көрме ұйымдастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Фото өнерінің шебері Мақсат Шағырбаев, Шымкент қаласында тұратын совет-герман соғысына қатысқан ардагерлерді суретке түсіріп, Ұлы жеңіс мерекесі қарсаңында көрме ұйымдастыруды ерте көктемде жоспарлаған. Алайда, сол сұм соғыстан бері өткен 74 жылда қатарлары қатты сиреген қариялардың денсаулығы сыр беріп, фотограф ойының жүзеге асуына қол байлау болыпты.

Бірақ, соған қарамастан фотограф өз жоспарын жүзеге асыра алды.

Бүгінде Шымкент қаласында елуден астам соғыс ардагері тұрады. Мақсат Шағырбаев солардың жарымын ғана таспалай алған. Денсаулығы қатты нашарлағандар фотоға түсуден бас тартыпты.

Мақсаттың көрмені ұйымдастырудағы мақсаты, қан майданнан қайтқан батырлардың бүгінін түсіріп, болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Олардың ерлігін паш ету. Сол арқылы жастардың бойында туған жерге, отанға деген патриоттық сезімін қалыптастыру болып табылады.

"Ардагерлердің үйлерін аралап, суртеке түсірдім. Баталарын алдым. Біразының үй жағдайы, тұрмыстық жағдайы қиындау. Иә, мемлекет тарапынан, әкімдік тарапынан көмек беріледі. Жағдайы жақсысы да бар. Зейнетақысын уақытысында алады. Тағдырдың маңдайына жазғаны шығар, біразы жалғыз тұрады екен. Сөйлесуді аңсайды, келген қонақтарды жібермейді. Шамасы келгендермен отырып сұхбат құрдым. Соғыстағы қиын және қызықты жағдайларымен бөлісті. Олардың бізге, өскелең ұрпаққа айтар тілегі мына бейбіт күнді бағалаңдар. Бұл күнге жету оңай болған жоқ. Әке баласынан, ағайын-туыстан айырды деп қынжылды"- дейді фотограф.

М.Шағырбаев ардагерлерді суретке түсіру үшін он күнін сарп еткен. Осы уақыт аралығында қариялардың жүзінен бүгінгі қоғамда сирек кездесетін шынайылықты, адамилықты, мейірімді сезінгенін айтады.