Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов брифинг барысында баяндады.
Шымкент қаласында жыл басынан бері кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Іскер қала» бағдарламасы аясында 153 жобаға 412 миллион теңгенің қолдауы көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов брифинг барысында баяндады.
Бағдарламада жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 1 пайыздық мөлшермен 10 миллион теңгеге дейін несиелендіру, өндіріске бағытталған 2 пайыздық мөлшермен 50 миллион теңгеге дейін несие беру қарастырылған.
Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен шағын кәсіпорындардың өнеркәсіптік парктердегі үш жылдық жалдау ақысының шығындарын 25-75% дейін өтеу тетігі де қамтылған.
«Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 33 мыңға жуық кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға қолдау көрсетілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде, бүгінге қалада белсенді кәсіпкерлік нысандар саны 124 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 52 пайызға артты.
Айта кетейік, соңғы бес жылда қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 миллиард теңгеден 937 миллиард теңгеге жетті.
Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында қалаға 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, бюджет көлемі 146 миллиард теңгеден 613 миллиард теңгеге жетті.
Биыл мегаполистің макроэкономикалық көрсеткіштерінде де оң динамика бар. Жыл басынан бері инвестиция көлемі 22 пайызға, құрылыс жұмыстары 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73 пайызға, бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артып отыр.
Бүгінде қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумағын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақтарда 400 млрд.теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орындары құрылатын болады.