«Қан тамыры кесілген»: Шымкенттік дәрігерлер 5 жасар баланы аман алып қалды

0
651

Балаға шұғыл түрде ота жасалмаса, аяғындағы жарақаты асқынып мүгедек болып қалу қаупі басым еді.


«Қан тамыры кесілген»: Шымкенттік дәрігерлер 5 жасар баланы аман алып қалды

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирургтері аяғының қан тамыры кесілген 5 жастағы балаға тың әдіспен күрделі ота жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

21 тамыз күні жедел жәрдем қызметімен науқас бала ауыр жағдайда қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізіліп, оң тізе астынан қан кету, аяқтың тізеден төмен бөлігінің көгеруі, мұздауы сынды белгілермен жансақтау бөліміне жатқызылған.

Мамандар оң тізе асты артериясы мен венасының толықтай кесілгенін анықтады. Балаға шұғыл түрде ота жасалмаса, аяғындағы жарақаты асқынып мүгедек болып қалу қаупі басым еді. Осыны ескерген тәжірибелі ангиохирург, анестезиолог дәрігерлер жедел ота жасады.

Хирургтар науқас баладағы тамырларының диаметрінің кішкентай болуына байланысты, микроскопиялық LEICA ONX аппаратының көмегімен ота жасаған. Операция кезінде мамандар үзілген тізе асты артериясын ұшпа-ұш жалғап тігіп берді.

“Отадан кейін аяқтың төменгі бөлігіне қан барып, жылып, тобық аймағында пульс пайда болды. Баланың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, үйге шығуға дайындалып жатыр. Тамырдың жарақатына дер кезінде жоғарғы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеген жағдайда, көбіне дистальды бөлігі өкінішті жағдай ампутациямен аяқталуы мүмкін. Ата-аналарға балаларына көңіл бөліп, қауіпсіздік шараларын сақтап жүруге шақырамыз”, - дейді бөлім меңгерушісі Олжас Шынтасов.

Айта кетейік, қалада алты ай ішінде 2938 медициналық қызметкерлер шет елде және республикалық орталықтарында біліктілігін арттырған. Арнайы оқытудан өткен медицина мамандары арасынан қалада алғаш рет балаларға кеңес беру үшін он педиатриялық мобильді бригада құрылды. Бұл мобильді топ дәрігерлері тәуекел тобындағы балаларды уақтылы анықтау, оларды стационарлық емдеуге жіберу жұмыстарымен айналысады.

Қалада тәуліктік 4125 төсек- орын күндізгі стационарда 1959 төсек-орын бар. Шымкент қаласында 4760 дәрігер қызмет етеді 10 мың халыққа шаққанда көрсеткіш 42,1 құрап отыр, 10496 орта буын медициналық маман қызмет етеді 10 мың халыққа шаққанда көрсеткіш 92,8 құрап отыр.