​Кәсіпкерлер палатасында жанармай тапшылығының алдын алу мәселелері қарастырылды

0
292

Жанармай тапшылығы ауыл шаруашылығындағы, жанар-жағармай сату саласындағы кәсіпкерлерді жыл сайын мазалайтын жайттың бірі болатын.


​Кәсіпкерлер палатасында жанармай тапшылығының алдын алу мәселелері қарастырылды

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесіп, осы мәселе талқыланды.

Жиынға Палата директоры Сабира Адамбекова, Шымкент қаласы бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігінің, Шымкент қаласы әкімдігінің энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының, мемлекеттік кірістер департаментінің, «ПетроҚазақстан ОйлПродакст» («ПҚОП») ЖШС басшылары, жанар-жағармай қауымдастығының жетекшілері «ҚазМұнайГаз» АҚ мен «PETROSUN» компаниясының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде мұнай өңдеу зауыттары жөндеу жұмыстарына тұрғанда жанар-жағармай тапшылығының алдын алуға арналған жұмыс жоспары, жеңілдетілген жағармайды бөлу, заңсыз мұнай айналымымен күрес сияқты мәселелер қаралды.
«Мұнай саласындағы заңсыз әрекеттермен күрес – департамент жұмысының басты бағыттарының бірі. Жанар-жағармай сататын заңды тұлғалардың жұмысына үнемі мониторинг жасалып тұрады, мұнай өнімдерін тиісті құжатсыз немесе жалған құжатпен сату мәселесі басты назарда тұрады. Шымкентке мұнай өнімдерін жеткізуші негізгі компанияның бірі – «ПҚОП» ЖШС зауыты қазір жоспарлы түрде жұмыс істеуде. Юұл жиынның мақсаты – мұнай өнімдері саласындағы заңсыздықтың алдын алу, проблемалы мәселелерді шешу жолдарын қарастыру. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің жұмысына да қолайлы жағдай туады», – деді Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы.
«ПетроҚазақстан ОйлПродакст» компаниясының өкілі зауыттағы мұнай өнімдері туралы мәлімет берді.
«2024 жылдың 1 қаңтарынан 1 сәуірге дейін зауытта 1 млн 300 мың тоннаға жуық мұнай өңделді. Оның ішінде АИ 92 жанармай – 449 000 тонна, АИ 95 – 71 000, дизель отыны – 380 000, авиакеросин – 80 000, мазут – 194 000, газ – 85 000 тонна. Қазір зауыттағы қалған өнім көлеміне келер болсам, АИ 92 бензині – 6 300, АИ 95 жанармайы – 5 800, дизель – 11 000, авиакерсин – 4 000, мазут – 14 000 тонна бар. Зауыт жөндеу жұмыстарына тоқтағанда жанармай тапшылығының барлық жағы ескеріледі. Тиісті жұмыс жоспары «ҚазМұнайГаз» компаниясымен, ҚР Энергетика министрлігімен келісіледі. Қазіргі таңда зауытта толық жөндеу аяқталған», – деді «ПетроҚазақстан ОйлПродакст» ЖШС даму және коммерция бойынша вице-президенті Ерлан Кесікбаев.