500-ге жуық ерікті азамат қаладағы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып жатыр.
Үшінші мегаполистегі қалыптасқан жағдайды реттеу үшін қоғамдық тәртіп сақшылары құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Олардың ішінде белгілі спортшылар мен айтыскер ақындар және дін өкілдері бар. Әртүрлі сала мамандарынан құралған «Халық сақшылары» деп аталатын жасақта 500-ге жуық ерікті азамат қаладағы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып жатыр.
Ерікті сақшылар қала аумағында 6 топқа бөлініп құқық қорғау және әскерилерге көмектесуде. Олар мемлекеттік маңызы бар нысандарды, кәсіпорындарды күзетуге атсалысып жатыр. Сонымен қатар, халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Елдегі жаппай тәртіпсіздіктен кейін құрылған ұйым мүшелері алдымен қала әкімдігінің алдына жиналып алдағы жұмыстарын пысықтады. Өз кезегінде белсенділер жұртты сабырға шақырып, елдің болашағы жолында бірігуге үндеді. Ал дін өкілдері қалыпты өмірге ертерек оралу үшін коменданттық сағат кезінде тәртіпке бағынып, талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ, елімізде жүргізіліп жатқан анти-террорлық операцияларды қолдайтындарын жеткізді.
– Қасиетті «Құран» аяттарында бүлік адам өлтіргеннен де ауыр күнә деп келтірілген. Сондықтан біз елді бірлік пен ынтымаққа үндейміз. «Әр қазақ менің жалғызым» деген ұранмен осы жаманшылықты тоқтатсақ дейміз. Еліміздің тұтастығына қарсы бағытталған бұзақылық әрекеттерді айыптай келе, қала тұрғындарының өмірі мен мүлкіне қауіп-зиян тигізетін, қоғамдық тәртіпті бұзатын лаңкестікті айыптай отырып, ерікті түрде, қоғамдық тәртіпті сақтауға белсене қатысуға дайынбыз, – деді Әл-Фараби ауданының бас имамы Ахметжан Керімбек.