Шымкентте қай сала кәсіби мамандарға "ашығып" отыр?

0
1 287

"Тігін фабрикасы Қазақстан бойынша тек Шымкентте ғана бар. Олардың бәрі экспортқа жұмыс істейді"


Шымкентте қай сала кәсіби мамандарға

Экономиканың қарыштап дамуына тікелей әсер ететін фактор бизнес саласы екені мәлім. Бүгінде елімізде кәсіпкерлік пен бизнес саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бизнеспен айналысам дегендерге мемлекет тарапынан барынша қолайлы жағдайлар жасалуда.


Шымкент қаласы Қазақстанның үшінші мегаполисі десек, бұл қаланың ел экономикасына тигізер пайдасы да орасан зор болуы қажет деп білеміз. Миллионды қалада бизнес саласы қалай дамып жатқаны төңірегінде Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Қабыштаев Нұрлан Орынбасарұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

Әр өңірдің бизнес жасауда өзіндік мүмкіндіктері болады. Мәселен Батыста мұнай, Орталық Қазақстанда тау-кен өндірісі. Біздің оңтүстік өңірде кен қазба байлықтары болмағанмен, өнеркәсіптік өндіріс саласы жақсы дамыған.
«Бүкіл салалар бойынша жақсы даму мүмкін емес. Сондықтан біздің өңірлік мүмкіндіктеріміз өнеркәсіп саласы. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп, тағам өнеркәсібі, құрылыс саласы және құрылыс заттарының өндірісі, фармацевтика салалары жақсы дамыған. Аталған салалар бойынша Шымкент елімізде көш басында. Құрылыс материалдарын өңдеуде біз бірінші үштіктеміз, - дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.


Нұрлан Орынбасарұлының ең алдымен Шымқаладағы бизнестің дамуына кедергі келтіретін факторлар тоқталды. Оның айтуынша, біріншіден, шикізат көзі болу керек. Екіншіден транзиттік жол потенциалы. Үшінші себеп - белгілі салаларға дайындайтын кадрлар мен оқу орталықтарының болмауы әсер ететін көрінеді.
«Шымкент бұрыннан өнеркәсіп саласымен айналысады. Оның ішінде машина өңдеу де бар. Біз әлде де толығымен өзіміздің потенциалды игердік деп айта алмаймыз. Өйткені бізге әлі де көптеген импорттық заттар келеді», - деді ол.

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директорына мегаполистегі ең бір кемшін қалған өндірістік сала - жүн және тері өңдеудің неге ақсап тұрғанын сұраған болатынбыз. Тері-жүн өңдеу дегенде Шымқалада бұл өндіріс бойынша тек "Кашемир" кәсіпорны ғана еске түседі.

- Бұл саланы әлі де зерттеу керек. Жаңа техникалар алып келу керек. Сырттан технологияны білетін компаниялар тарту қажет. Бұл Шымкентте ашық ниша деп айтсақ болады. Жүн көп, тіпті өртеліп жатқан жағдайлар да бар. Тері-жүн өңдеу бірнеше сатыдан тұрады. Шикізатты өндіруден бастап, дайын өнім шығарғанға дейін 3-4 процесс бар. Бұл 3-4 процесстің біреуі ғана болып, қалған үшеуі болмаса ол да нарыққа әсер етеді, - деп жауап берді ол сауалымызға.

Нұрлан Қабыштаевтың келтірген дерегі бойынша, Шымкент қаласының негізгі жүн өңдеуші және экспорттаушылары 2021 жылдан бастап қайта жандану үстінде. Яғни, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен жуылған жүнге экспорттық баждың 10%-ы бекітілген болатын. Бұл мәселе «Атамекен» ҚР ҰКП базасында жеңіл өнеркәсіптің салалық қауымдастықтарымен кездесу өткізілді. Нәтижесінде экспорттық бажды 2 жылға дейінгі мерзімге уақытша алып тасталды. Бүгінгі таңда ешбір өндіріске сұранысы жоқ жүннің экспорты 4 есеге өсіп, 2021 жылдың 9 айы бойынша 1,5 млн. АҚШ долларына жуық тауар Қытайға және Монғолияға экспортталған.


Шымкентте бизнес жасаудың кемшіліктеріне қарағанда артықшылықтары көп екенін айтады Нұрлан Орынбасарұлы.

- Ең бірінші артықшылығы ол қаламыздың климаты деуге болады. Келесі артықшылығы республикамыз бойынша салыстырмалы түрде Шымкентте жұмыс күші арзанырақ. Сонымен қоса, қаламыздың шекараға жақындығы. Шымкент қаласының 1000 километрлік радиусінде 50 миллионға жуық сату нарығы жатыр.

Ал күнгей қаламызда бизнес жасаудың кемшіліктеріне келер болсақ, әлде де кадрмен тапшылық бар. Кадр тапшылығы жалғыз Шымкентте емес, еліміздің барлық өңірінде бар. Қаламыздағы кез-келген салада кадр жетіспеушілігі байқалады. Ең оңай деген тігін саласын алып қарайтын болсақ бұл салада да "аштық" (кадровый голод) бар десек болады. Сондықтан бұл Үкімет пен кәсіпкерлік тарапынан айналысатын жүйелі проблема. Өйткені біз өзіміздің өнеркәсіпке экономикамызға керек мамандықтарды даярлай алмайтын болсақ, онда біз әрқашан сырттың жұмыс күшіне тәуелді боламыз. Қазіргі кезде жұмыс күші де қымбаттап жатыр. Өзімізде керекті мамандықтар болмағаннан кейін мамандарды тарту үшін көп қаражат керек», - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Оның айтуынша, қаламызда тігін саласының да потенциалы толығымен ашылмаған. Қазіргі таңда көптеген тігіншілер мемлекеттік тапсырыспен ғана жұмыс істеп жатыр.

- Тігін саласына мемлекет тарапынан нақты қолдау шаралары қажет. Мемлекеттік бағдарламалар керек. Арзандатылған несиелер керек. Бұл саланы дамытатын 5 жылдық жол картасы болуы керек. Тігін фабрикасы Қазақстан бойынша тек Шымкентте ғана бар. Олардың бәрі экспортқа жұмыс істейді. Кәсіпкерлерді шектеуге де болмайды. Мәселен, экспорттық баға жергілікті бағадан тиімді болса, әрине экспортқа сатады. Мемлекет жергілікті нарықта қалдыру стимулын жасау керек. Бірақ, "ар жаққа қымбатқа сатпа, мына жаққа арзан сат" десе де дұрыс болмайды. Көршілес Өзбекстанды алып қарайтын болсақ, ол жақта жеңіл өнеркәсіп саласына мемлекеттен қолдау шаралары өте көп. Бұл жерде тек арзан несиені ғана айтып жатқан жоқпыз. Тек қана салық ғана емес, электр қуаты, инфрақұрылым газ бойынша да жеңілдіктер өте көп. Сондықтан жан-жақты салыстырып қарауымыз қажет. Көршілес елдердің істегенін одан артығымен істеуге мүмкіндігіміз бар. Бізде жұмыс күші көп», - деді ол.

Дегенмен экспортқа бағытталған көптеген өндірістер бар екенін, тіпті Орта Азияда аналогы жоқ жаңа өнеркәсіптер ашылып жатқанын алға тартты Нұрлан Орынбасарұлы.

Сондай-ақ қалада 54 мың жеке кәсіпкер болса, оның 14,0 мыңы 29 жасқа дейінгі жеке кәсіпкерлер яғни, 26%-ы жастар екен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқанын алға тартқан ол жас кәсіпкерлер қатарының артуы бизнеске оң әсер алып келетінін айтты.


Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ.