"Күйеуімнің қолынан келмейтіні жоқ": Кореяға тұрмысқа шыққан қазақ қызымен сұхбат

0
11 157

Ол Корея еліне білім алуға, бала күнгі арманын орындауға барған.


Қазіргі таңда аралас неке ешқандай да жаңалық емес. Бөгде мемлекетке арман қуып барып, бақытын тапқандар да жетерлік.

Шетелдікке тұрмысқа шығып, бақытты өмір сүріп жатқан қазақ қыздарының бірі - Тұңғышбек Жансая Маратқызы. Ол Корея еліне білім алуға, бала күнгі арманын орындауға барған. Шет елде оқып жүріп, өзінің махаббатын жолықтырған.

Жансаяның тұрмысқа шыққанына 1,5 жыл уақыт болыпты. Бүгінде 1 жасар Им Седжин есімді баласы бар.

Жансаямен әлеуметтік желі арқылы танысып, Кореядағы өмірі жайлы телефонмен біраз әңгіме дүкен құрдық.


- Жансая, өзіңіз қазақтың қарапайым, сұлу қыздарының бірісіз. Сізге қазақ жігіттерінің де сезімін білдіріп, сөз айтқаны болған шығар. Осы тұста күйеуіңіздің қай қасиетін ерекше бағаладыңыз? Неліктен таңдауыңыз шетел азаматына түсті?


- Екеуміз қыз-жігіт болып жүргенде қатты қамқор болды. Қыдырып жүргенде немесе бірге тамақтануға барғанда болсын барынша қамқорлығын танытатын. Әр кездескен сайын маған сыйлықтар жасайтын. Мені бірден-бір баурап алған қасиеті қамқорлығы деп айтар едім. Одан бөлек, адамдарға деген сый-құрметін ерекше айтып өткім келеді. Қайда жүрсек те адамдармен сөйлесуі, сыйлауы, құрметтеуі өте қатты ұнады. Айта берсем жақсы қасиеттері өте көп.



- Шет елде тұрсаңыз да қазақи салт-дәстүрлерді ұстанады екенсіз. Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан балаңызды бесікке бөлейтініңізді көріп риза болдық. Жалпы Кореяда ұлтымыздың салт-дәстүрін қаншалықты ұстанасыз? Оған күйеуіңіздің, ата-енеңіздің ойы қандай?


- Салт-дәстүрді өз үйімде қалай ұстансам, бұл жақта да дәл солай ұстанамын. Ата-енем бірінші бесікті көрген кезде таңқалды. Басында ата-енем ұнатпады. Мен оны Қазақстаннан арқалап келгенмін. Нағашы апалары беріп жіберген. Алғашқы кезде бесікке ата-енем қарсы болды. Сосын оның жақсы екенін айтып түсіндірдім. Қазір ата-енем бесікті өздері алып жүгіреді.


- Кореяға арман қуып, аудармашы болам деп барған екенсіз. Шет елде оқып жұмыс істеп жүргенде сол елдің азаматына тұрмысқа шығам деген ойыңыз болды ма?


- Мүлде ойым болған жоқ. Қазақстанда жүргенде мүлде тұрмысқа шықпаймын дейтінмін. "Оқуымды бітірем, жұмыс істеймін өз кәсібімді ашамын" деп жүрген едім. Кәріс жігітіне тұрмысқа шығамын, балалы боламын деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті.


- Сіз отбасыда ұлдан да, қыздан жалғыз перзент екенсіз. Ата-анаңыз өзге елдің жігітіне тұрмысқа шығам деген шешіміңізді қалай қабылдады?


- Ата-анам қатты қарсы болды. Тіпті 1 айлап сөйлеспей де кеттік...


(фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан)


- Ата-анаңыздың аялап өсірген жалғыз көз қуанышы болғандықтан, қарсылық танытулары заңдылық. Білуімше, әкеңіз бұл некеге қарсы болған екен? Бұл қиындықтардан қалай өттіңіздер?


- Әкем алғашында менің Кореяға оқуға баруымның өзіне қарсы болды. Уақыт өте келе шет елде оқығым келетінін түсініп, арманыма балта шаппады. Ата-анам кәріс жігітпен жүретінімді естіген соң, қыз жігіт болып жүретін шығарсыңдар, бірақ тұрмысқа шығуды ойлама деді. Әкем менің қазақтармен құда болғым келеді деді. Әкем де, анам да қарсы болды.


- Қазіргі таңда екі жақтың ара-қатынасы қалай? Әкеңіздің құдаларына көңілі тола ма?


- Өте жақсы. Тіпті менен артық жақсы көреді. Ата-анам корей тілін үйреніп жатыр. Ата-енем де сөздер жаттап, екі жақ бір-бірімен видео арқылы сөйлесіп тұрады.


- Күйеуіңізбен таныстықтарыңыз жайлы, Кореядағы қызықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз?


- Таныстығымыз дорамадағыдай десем болады. Бұл оқиғаны өзімнің дорамам деп айтамын. Кешкісін құрбым екеуміз тамақтануға барған болатынбыз. Болашақ жарымды сол мейрамханада кездестірдім. Осылай таныстығымыз басталды. Басында дос ретінде сөйлесіп жүрдік. Мен оны дос ретінде көрдім. Алғашқы кездесуіміздің өзі қызыққа толы болды. Бірінші кездесуге спорттық киім киіп барып, әбден ұялғаным бар. Ол қымбат мейрамханадан орын алып қойған екен. Оқиғамыз осылай басталды.


- Бәріне қызық сұрақ. Жолдасыңыздың ата-анасы өзге ұлттың қызын жар етем дегенге көзқарастары қалай болды? Жалпы ата-енеңіз сізді қалай қабылдады?


- Мені ата-енем алғашқы күннен өте жақсы қабылдады. Ол кісілермен қыз жігіт боп жүріп бастаған соң таныстық. Атам тарихты жақсы көретін кісі. Менен Қазақстан туралы, дінім жайлы сұрады. Нені ұнататынымды нені ұнатпайтынымды сұрады. Кәріс тілін жетік білген соң, ол кісілермен еркін сөйлесу маған еш қиындық тудырмады.


- Қазақстанда ата-енемен тұру қалыпты жағдай болғанымен, шет елдерде ол екіталай нәрсе. Қазір көп жастар ата-енеден бөлек тұрғанды қалайды. Байқауымша сіз ата-енеңізбен бірге тұрасыз және ол шешімді өзіңіз қабылдапсыз? Бұл шешіміңізге не себеп болды?


- Бірінші себеп – жалғыздық. Өйткені мен үлкен отбасында өскенмін. Барлық отбасы мүшелерінің бір үйде тұрғаны маған жат нәрсе емес. Ата-енем өте жақсы кісілер. Менен қамқорлықтарын еш аяған емес.


- Әр елдің салты басқа демекші, екі елдің салт-дәстүрлерінде қандай айырмашылықтар бар екен? Артықшылықтары мен қиыншылықтарына тоқталсаңыз?


- Біздің елімізде мереке көп қой. Ал Кореяда ондай мерекелер жоқтың қасы. Біз жақтағы сияқты көп мейрамдар тойлана бермейді. Маған өте қатты ауыр тиетіні 8 наурыз бен жаңа жылды тойламайтынымыз. Бұл жақта жаңа жыл біздегі сияқты өте қатты тойланбайды. Сол жағы қиын. Мейрамдарды тойламайтынымыз ғана болмаса, қалғандары ұқсас. Мысалы қыздың артынан келетін дүниесі, қалың мал дегендер бұл жақта да бар.


- Неліктен Кореяда өмір суруді таңдадыңыздар? Ол елдің қандай артықшылықтары сіздерге ұнады?


- Кореяға келу бала күнгі арманым болатын. Осы елде оқып, карьера қусам деп армандайтынмын. Алдын 3 ай елде болып қайттым. Бірақ қарап тұрсам, Кореяға әбден үйреніп қалыппын. Күйеуімнің негізі мамандығы аспаз. Болашақта Қазақстаннан корей дәмханасын ашуды армандайды. Күйеуімнің қолынан келмейтіні жоқ. Кез-келген тамақты, етті өте дәмді пісіреді.


- Өзіңіздің алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз. Бір емес, екі дипломыңыз бар екен. Қазіргі таңда немен айналысасыз?


- Косметика бизнесін бастағым келеді. Яғни, жеке бизнесімді қалыптастырсам деймін. Әкеме көлік әперсем деген арманым бар. Қазір балам кішкентай болған соң, уақытша жұмыс істеп жүрмін. Алға қойған мақсаттарымның барлығы біртіндеп орындалады деп сенемін.

Сұқбаттасқан: Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ