Мұрат Әйтенов электр және жылу желілерінің жұмыс барысын тексерді

0
578

Қала әкімі тиісті нысандарды аралап, жұмыс барысын қадағалады.


Мұрат Әйтенов электр және жылу желілерінің жұмыс барысын тексерді

Шымкентте ауа райының күрт суытуына байланысты шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қала аумағындағы қазандықтар, электр және жылу желілері қызметінің жұмыс барысын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Қазгидромет» мамандарының берген болжамына қарай, Шымкентте арнайы жедел штаб құрылып, 2 аптадан бері дайындық жұмыстары атқарылған. Бүгінгі ауа райына байланысты кейбір жерлерде төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті нысандарды аралап, жұмыс барысын қадағалады.
Соның бірі - «Энергоорталық-3». Мұнда ТГМЭ-464 маркалы 3 дана және ПТ-80/100-130/13 қазандық типті 2 турбина орнатылған. Қазіргі уақытта 2 қазандық пен 2 турбина бар. Жабдықтардың жағдайы қанағаттанарлық. Жылу қалыпты режимде берілуде. Станция жұмысына тәулік бойы мониторинг жүргізіліп, кәсіпорын тұтынушыларды электр қуатымен ақаусыз қамтамасыз етіп отыр. Бекітілген кестеге сәйкес, станцияда температуралық және гидравликалық режим сақталған.
Ал, «KEGOC» АҚ-ның “Оңтүстік жүйе аралық электр тораптары” филиалының Өңірлік-диспетчерлік орталығы тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеп, жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыруда. Казіргі кезде Шымкент қаласы бойынша электр энергиясымен қамту жағдайы тұрақты, ешқандай шектеулер қойылмаған.
«Аязды күндер басталды. Күн жылығанша әлі бірнеше ай бар. Сондықтан қаламызда төтенше жағдайлар орын алып қалмауы үшін қадағалауды жалғастырыңыздар»,- деді жауапты сала басшыларына Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шаһар аумағындағы қазандықтар, электр және жылу желілері қызметінің жұмысы қатаң бақылауда.