"Өзге де идеяларымыз бар": Шымкенттік жас өнертапқыштар алдағы жоспарларымен бөлісті

0
1 557

Олар Шымқалаға тағы бір тың жобаны тарту етпек.


Шымкент қаласындағы SILKWAY халықаралық университетінің 1 курс студенттері "Ақылды күнбағыс" жүйесін ойлап тапқан болатын.

Бұл жобаның ерекшелігі қандай? Аталмыш идея қашан және қалай іске асты? Қала әкімдігі тарапынан қолдауға ие болған жобаға қанша қаражат бөлінді?

Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу мақсатында ERNUR.KZ тілшісі жас өнертапқыштармен сұхбаттасып қайтқан болатын.

“Ақылды күнбағыс”- күн панельдері арқылы күн көзінен аккумуляторға қуат жинап, ұялы телефондарды, планшеттерді қуаттауға, жарықтандыру шамдарын жағуға, танымдық кешен құрылғысын іске қосуға арналған құрылғы.

Сондай-ақ, Wi-Fi желісін тегін таратады. Бұл қала тұрғындары үшін өте тиімді. "Ақылды күнбағыс" орналасқан саябақтарда тегін әлеуметтік желілерге кіре аласыз.

Бұл жоба тек ұялы телефонды қуаттау мен тегін Wi-Fi желісін таратумен ғана шектелмейді.

Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы «Ақпараттық қызмет көрсету» қосымшасы да енгізілген.
Онда мегаполистегі ең көрікті жерлер, архитектуралық нысандар, саябақтар мен тамақтану орындары және ойын-сауық кешендері, тіпті оқу орындары туралы ақпараттарды таба аласыз. Әрине, мәліметтер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде берілген. "Ақпараттық қызмет көрсету" қосымшасында жинақталған қазақ тіліндегі фильмдер мен ән-күйлерді де тыңдауға болады.

Бұл ерекше туындыны Шымкент қаласындағы SILKWAY халықаралық университетінің 1 курс студенттері ойлап тапқан. 18 жастағы Бақдаулет Болат, Ерназар Байдилдаев пен Даулет Кожаханның алғашқы әрі маңызды жобалары.

Жоба жетекшісінің айтуынша, Шымкент күнгей аймақ орналасқандықтан, жобаның дизайнын арнайы күнбағыс өсімдігіне ұқсас етіп таңдапты.

"Ақпан айында студенттерге тапсырма берілген болатын. Қаланың цифрландыру процесіне үлес қосуды мақсат етіп, "бір аптаның ішінде идеяларыңды алып келіңдер, ақылдасып, үздігін таңдаймыз" дедім. Содан студенттер бірнеше идея алып келді. Оның ішінде 3 жобаны біріктіреміз деп шешім қабылдадық. Өйткені, мұндағы жүйелердің әрбірі жеке-жеке болып келді. Телефон қуаттағыш, Wi-Fi таратқыш және монитордан арнайы ақпараттар көрсету жүйелерін біріктіреміз деп шештік. Алғашында компьютерлік дизайнды пайдаландық. Ол ойдағыдай болып шықты. Содан соң Шымкент қалалық әкімдігіне, яғни цифрландыру басқармасына идеямызды жолдадық. Олар қолдау білдіріп, бюджеттен қаражат бөлді. 1 млн 600 мың теңге берді. Қалада қазір "Ақылды күнбағыстардың" 20 данасы орнатылған." , - дейді жоба жетекшісі Нұрлыбек Жұматаев.

Ал, жоба авторларының бірі Бақдәулет Болаттың айтуынша, бұл олардың алғашқы әрі маңызды жобалары.

"Жобаны ойлап тапқан үшеуіміз бір факультетте, бір топта білім аламыз. Басында бөлек-бөлек жоба жасаймыз деп ойлағанбыз. Кейін тиімділігін арттырып, үшеуін біріктірдік. Макетін жасап, жобамызды іске асырып жатқанда электршілер мен дәнекерлеушілер болмайтын жерін туралап, көмектесті. Бұл жобаны Қазақстаннан көрмедік. Шетелдерде күнбағыс сияқты дизайнымен салмаған. Олардың көрінісі басқаша. "Ақылды күнбағыстағы" жүйелерге әлі де толықтырулар жасаймыз. Күн сайын келіп, ақпараттарды жаңартып отырамыз", - дейді жас өнертапқыш.

Жобаның басы-қасында жүріп, студенттерге жөн сілтеп жүрген жетекшілері Н.Жұматаевтың айтуынша, оны іске асыруға барлығы 12-ге жуық маман атсалысқан. Карантин кезінде құрылыс материалдарын сататын орындар жұмыс жасамауына байланысты аздаған мәселелер де туындапты. Ал, күн панельдерді Қытайдан алдыртыпты.

Жас өнертапқыштардың туындылары мұнымен тоқтамайды. Олар тағы да бірнеше идеяны іске асыруді көздеп жүр. Олардың ендігі бағындырар белестері - ақылды жаяу жүргіншілер өткелі болмақ.

"Қараңғыда кейбір жаяу жүргіншілер өткелі көрінбей жатады. Көліктегі жүргізуші де оны байқамауы мүмкін. Біздің келесі жоба - ақылды жаяу жүргіншілер өткелі. Адам келіп жатқанда, өздігінен жанады", - дейді Бақдәлет.

Айта кетейік, «Ақылды күнбағыс» кешені Шымкенттегі саябақтарда орнатылған. Олардың жалпы саны - 20.

Тәуелсіздік саябағында – 6, Орталық саябақта - 3, Металлург саябағында - 3, Жеңіс саябағында - 3, Дендро саябағында - 3, "Қошқар атада" - 2 дана қойылған.

Қазірше, олардың тек 10-ы жұмыс істеп тұр. Алдағы аптада барлық "күнбағыстар" шымкенттіктерге толықтай қызмет ететін болады.