«Шәмшімен сырласу»: Шымкентте шығармашылық ән кеші өтеді

0
1 038

Қалдыбек Құрманәлі бастаған бір топ өнер майталмандары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы композитордың рухына тағзым етті.


«Шәмшімен сырласу»: Шымкентте шығармашылық ән кеші өтеді

Бүгін Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты шығармашылық ән кеші өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Осыған орай, Қалдыбек Құрманәлі бастаған бір топ өнер майталмандары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы композитордың рухына тағзым етті.

Біздің Шәмшісіз өмір сүріп жатқанымызға 30 жыл толды. Бірақ, ұлы компазитор арамызда болмағанымен, оның әндері халқымыздың жүрегінде мәңгі жасай бермек. Халық Шәмші әндерінсіз өмір сүре алмайды. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Бұл тарихи әділеттіліктің салтанат құруы дер едім. Осыған орай бүгін «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты ән кешін өткізгелі отырмыз, – деген Қ.Құрманәлі аталған кешті ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Шымкент қаласының әкімдігіне алғысын білдірді.

Гүл шоқтарын қою рәсімінде ұлы композитордың қарындасы Райхан Қалдаяқова мен бірқатар зиялы қауым өкілдері Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасы жайлы сыр шертіп, әншілер Шәмші әндерін орындады.

Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді. Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қара­шасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға "Қазақстанның Халық әртісі" атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.