ШЫМКЕНТ: 230 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарлануда

0
516

Балалар үйінің 123 тәрбиеленушісі қала сыртындағы лагерлерде 3 ай бойы демалатын болады.


ШЫМКЕНТ: 230 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарлануда

ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы жалпы орта білім беру ұйымдарындағы 245 862 оқушының 232 424 оқушысы (94,5 %) жазғы демалыспен қамту жоспарлануда.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Ақылбекқызы Шәмшиеваның 2023-2024 оқу жылының аяқталуы және каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтуын ұйымдастыру туралы брифингі барысында айтты.

Оның ішінде 19 024 бала (9 494-і жергілікті бюджет, 9 440-і ата-аналар қаражаты есебінен) және кәсіподақ тарапынан 90 бала қала сыртындағы және 213 400 бала мектеп жанындағы алаңдарда демалады.

Қала сыртындағы лагерлерді ұйымдастыру кезіндемемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы, толық емес, аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына басымдық беріледі.

Аталған қаржыға аз қамтылған отбасының 55 195 баласының 9 494 баласы (1 200 бала басқарманың «Оқушылар сарайы» МКҚК қарасты мемлекеттік «Ақсу» лагерінде, ал 8 171 бала және балалар үйінің 123 тәрбиеленушісі мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз лагерлерде) демалады.

Сонымен қатар балалар үйінің 123 тәрбиеленушісі қала сыртындағы лагерлерде 3 ай бойы демалатын болады.

1-10 сынып оқушыларына маусым айында жалпы орта білім беретін мектептердің жанынан жазғы сауықтыру алаңшаларын ашу жоспарланды. Мектеп жанындағы алаңшаларда балалар түрлі үйірмелермен (футбол, баскетбол, волейбол, шахмат т.б.) қамтылып, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі.

Сондай-ақ 7 мемлекеттік мектептен тыс мекемелердің спорттық және шығармашылық үйірмелерінде20 403 оқушы және36 жекеменшік қосымша білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырыспен 12 300 аланы қамту жоспарлануда.

Балалар мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз атанған лагерлерде демалатын болады. Мемлекеттік сатып алу конкурсының талаптарына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы бар лагерлер ғана жеңімпаз аталады (өткен жылы балалар Түркістан облысында орналасқан жекеменшік лагерлерде демалған).