Жыл басынан бері 50-ге жуық жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетілген.
Шымкент қалалық №2 ауруханасында жасы 70-тен асқан қарияға күрделі нейрохирургиялық ота сәтті жасалды.
Зейнеткер ұзақ уақыт бойы омыртқа өзегінің тарылуынан зардап шегіп, ауырсыну мен қозғалыс қиындығына душар болған. Соңғы кездері ауруы асқынып операция жасау қажет етіледі. Жоғары технологиялы медициналық көмек МӘМС жүйесі есебінен көрсетілді.
Қалалық №2 ауруханасының дәрігер-нейрохирургы Айбол Сансызбаевтың айтуынша, ота барысында жұлын омыртқасы өзегінің тарылған бөлігі түзетіліп, жүйке қысымы жойылған. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы және алдағы уақытта медициналық оңалту шараларын қабылдайтын болады.
Аталмыш ауруханада жыл басынан бері 50-ге жуық жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі таңда қалада жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін ұсынатын жалпы 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде.