Қазіргі таңда Забадам, Самал-3, Құрсай, Қазығұрт және Қарабастау елді мекендеріне толықтай талшықты оптика желісі жүргізіліп жатыр.
Биыл Шымкент қаласында 15 елді мекенге оптика желісі тартылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қалада базалық станциялар орнату жұмысы 2020 жылы үш кезең негізінде қолға алынған. Алғашқы кезеңде қалада 11 нүктеге станция орнатылып, мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 82% құрады. 2021 жылы интернетпен қамтудың ІІ-кезеңінде 14 нүктеге базалық станция орнату жұмыстары жүргізілді. Оның 8-і инвестор есебінен, 6 нүкте байланыс операторлары жеке нысан иелерімен бірлесе атқарылды.
Қала аумағындағы 14 базалық станциялар толық желіге қосылса, 136 071 отбасы сапалы интернетпен қамтылады. Жыл соңына дейін желімен қамту көрсеткішін 91%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Қалада базалық станцияны көбейту үшін басқарма Өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесе интернеттің сапасына талдау жасаған. Талданған 110 нүктенің 22-не интернет сапасы төмен екені анықталған. Әзірленген Жол картасы шеңберінде сапасы төмен аумақтарға 2022-2023 жылдары базалық станциясын орнату жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар жүзеге асырылса, қала аумағы 100% сапалы интернетпен қамтылады.