Реконструкциялау жобасына сәйкес, теміржол вокзалының аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғаяды.
Шымкент қаласында теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары қазір қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге қайта құру жұмыстарының барысын қадағалады.
Халық санының жылдан-жылға артуы мен қалаға келетін туристердің көбеюі жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, сервистік қызметті жақсартуды талап етуде.
Реконструкциялау жобасына сәйкес, теміржол вокзалының аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғаяды. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір сағатына 2 мың адамды құрайды. Қайта құрудан кейін вокзал сағат сайын 6 мың адамға дейін қамти алады. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады.
Құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір бірінші, екінші қабаттың демонтаждау жұмыстары басталды. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қалаға сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, қалада жеке инвесторлар жаңа жолаушылар терминалының құрылысын жүргізуде. Құрылыс жұмыстарына 120-150 адам тартылуда.
Бүгінгі таңда терминалдың шатыры толық жабылып, қасбеттік жүйелерін монтаждалып, желдеткіш жүйелері орнатылуда.
Қазір богаждық жүйенің құрылғылары мен лифтілер, эскалаторлар орнатылып, инженерлік желілер құрылуда.
Жалпы жобаның орындалуы қазір 85% ға жетті.
Әкімдік тарапынан инвесторды қолдау мақсатында әуежай алдындағы алаңдағы автотұрақты абаттандыру, жаңа терминалға апаратын кірме жол салу және жолаушылар терминалына инженерлік желілерді салу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі таңда аэропортта жолаушы өткізу қабілеті сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін сағатына 2 мың адамға артады.
Жаңа терминалдың жалпы ауданы 35 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, жобада озық талаптарға сәйкес 4 галерея қарастырылған. Өндірістік кестеге сәйкес жаңа терминал биыл қолданысқа беріледі.