ШЫМКЕНТ: Екі ауданды жалғап тұрған көпір қайта қалыпқа келтіріледі

0
565

Базарқақпа тұрғын алабындағы Сайрам-су өзені үстінен өтетін аспалы темір көпір 90 жылдары тұрғындардың өз есебінен салынған болатын.


ШЫМКЕНТ: Екі ауданды жалғап тұрған көпір қайта қалыпқа келтіріледі

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданы аумағындағы Базарқақпа тұрғын алабына арнайы барып, «Сайрам су» өзені арқылы өтетін апатты жағдайдағы темір көпірді аралап көрді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Базарқақпа тұрғын алабындағы Сайрам-су өзені үстінен өтетін аспалы темір көпір 90 жылдары тұрғындардың өз есебінен салынған болатын. Көпірді қайта-қайта су шайып, 2020 жылы апатты жағдайда болуына байланысты қолданыстан алынып тасталды.
Еңбекші ауданына қарасты №12 қалалық аурухана мен Қаратау ауданына қарасты орталық аурухана ортасын байланыстарын көпірдің тұрғындар үшін маңызы зор. Сондықтан қайта қалыпқа келтіру жөнінде шешім қабылданған.
Ені 5 метр, ұзындығы 18 метр көпірді қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін демеушілер де анықталып, бүгінде жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Шаһар басшысы аралау кезінде қаланың дамуына қосқан үлестері үшін демеушілерге алғысын білдірді.
Сондай-ақ, қала әкімі Базарқақпа тұрғын алабындағы көпқабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйесімен танысты. Дружба, Жамалов, Юсупов және Шахайдаров көшелеріндегі 20 көпқабатты (275 пәтер), 100 жеке тұрғын үйдің кәріз жүйесі құрылысын «ТКСК-Строй» ЖШС жүргізген. Енді кәріз жүйесін мемлекет меншігіне өткізіп, ішкі кәріз жүйелерін магистралды жүйеге қосуға қаржы қарастыру қажет. Қазіргі таңда Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан жаңа магистралдық кәріз жүйесін орнату үшін техникалық шарттар мен ЖСҚ әзірлеуге қаржы бөлу үшін бюджеттік нақтылау отырысына ұсыныс енгізілген.