ШЫМКЕНТ: қалада күніне 300 рет «Тоқта, интернет-алаяқтық!» тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде

0
350

Цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстық әрекеттердің де күрделене түсуіне әсер етіп, интернет алаяқтары азаматтардың қаражаттарын жымқыру үшін жаңа амалдарды қолданып келеді.


ШЫМКЕНТ: қалада күніне 300 рет «Тоқта, интернет-алаяқтық!» тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде

Алаяқтардың әрекетін тоқтату және алдын алу мақсатында Шымкент қаласындағы құқық қорғау органдары белсенді жұмыс атқаруда.

Мәселен, аудандық құрылымдарға күнделікті алдын алу шараларын жүргізу тапсырылып, олардың нәтижесі қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар, 2024 жылдың 22 қазанынан бастап, «Шымкент реклама» ЖШС-мен бірлесіп, қаланың барлық LED экрандарында күніне 300 рет «Тоқта, интернет-алаяқтық!» тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Өңірдегі интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстық әрекеттердің де күрделене түсуіне әсер етіп, интернет алаяқтары азаматтардың қаражаттарын жымқыру үшін жаңа амалдарды қолданып келеді.

Қазірдің өзінде алаяқтар қылмыстық жолмен табылған қаражаттарды ел тұрғындарының банктік карталарына аударып, оны банкоматтардан шештіру, кейін электронды ақшаға айналдыру тәсілдерін қолдануда. Ал соңғы уақытта олар қаражатты тікелей халықаралық криптовалюта биржаларына (Binance, Bybit, OKX) аудартып, осы қаражатты шетелдік шоттарға шығарып алуға көшуі жиіледі.

Әлеуметтік желілерде де ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізілуде: 600-ден астам ескерту суреті, 100-ден астам бейнеролик және 300-ден астам парақша жарияланды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында 369 мақала жарық көріп, оның 12-сі республикалық басылымдарда жарияланған.

Дегенмен, интернет алаяқтары заман талабына сай әрекет етуді жалғастырып, азаматтардың ақшасын жымқырудың жаңа әдістерін ойлап табуда.
Құқық қорғау органдары алаяқтықтан сақтануға шақырады және азаматтарға күмәнді ұсыныстарға сақ болуды ескертеді.

Баспасөз конференциясында сонымен қатар, қалада интернет-алаяқтыққа қарсы күресті жетілдіру және осы бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін 2023 жылдың 6 маусымынан бастап «Киберпол» тобы құрылып, оның құрамына 11 тергеуші, 13 жедел уәкіл және 1 криминалист енгізілгендігі туралы айтылды. Топ мүшелері арнайы техникалық құралдармен (Айрис, Аргус, Скриптур, Блур, Кросс) қамтамасыз етілген, бұл құралдар қылмысты талдауды жеделдетіп, дәлдікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бөлісу