Бастауыш сынып оқушыларының тамақтануына берілетін қаржы мәселесі де көтерілді.
ERNUR.KZ. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында білім беру саласы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік органдардың басшылары, құзырлы орган жетекшілері мен тиісті басқарма мамандары, полиция және төтенше жағдай департаментінің өкілдері қатысты.
Білім беру саласы кеңесінің төрағасы Мақсат Абдукаримовтың модераторлығымен өткен жиында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында турникет орнату мен бейнебақылау жүйесін жедел басқару орталығына қосу, сонымен қоса жекеменшік мектептердегі оқушыларға мемлекет тарапынан қаржы бөлу мәселелері көтерілді.
«Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі Шымкент қалалық филиалының директоры Диана Караманованың айтуынша, террористік тұрғыдан осал нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды орындау барысында кәсіпкерлерге қаржылай және бірқатар күрделіліктер туындауда.
– Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығына сәйкес, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге қатысты мемлекеттік тапсырыстар Мектепке дейінгі ұйымдардың тізбесіне енген ұйымдарда жүзеге асырылады. Осы тізбені құрау бойынша конкурстық процедураларға мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы бойынша жұмысын бастағаны туралы хабар берген және ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» №305 Қаулысына сәйкес терроризмге қарсы қорғаныс жүйесін қамтамасыз еткен мектепке дейінгі ұйымдар жіберіледі. Бұл қаулыда мектепке дейінгі ұйымдарда турникет орнату керек деп көрсетілмеген, – дейді Диана Караманова.
Спикердің айтуынша, нысанда оның ерекшеліктері ескеріле отырып өткізу режимі орнатылады.
– Оның ішінде «Өткізу режимін ұйымдастыру тәртібін террористік тұрғыдан осал нысанның иесі немесе жетекшісі басқа жағдай ҚР заңнамасында көрсетілмеген жағдайда сол нысанның ерекшеліктерін ескере отырып анықтайды» деп көрсетілген. Осы орайда Шымкент қаласының білім басқармасы Мектепке дейінгі ұйымдар тізбесін құруда және мемлекеттік тапсырысты бөлу комиссиясының жұмысы барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы №117 Бұйрығын басшылыққа алады. Осы тұста туындайтын мәселе – Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Құқықтық актілер туралы» №480 Заңының 10-бабында нормативтік құқықтық актілердің сатысы көрсетіліп, онда ҚР Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулылары ҚР министрлерінің нормативтік құқықтық бұйрықтарынан жоғары тұратыны көрсетілген, – дейді «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының директоры Диана Караманова.
Кәсіпкерлердің айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдардың барлығында бірдей турникет орнату мүмкіндігі жоқ және бейнебақылау жүйелері шұғыл басқару орталықтарына қосылмаған. Бұл тұста қаланың шалғай аудандарындағы интернет сапасының төмендігі де кедергі келтіріп отыр.
Кәсіпкерлердің уәжін тыңдаған Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева диалогқа ашық екенін білдірді.
– Біз барлығымыз, кәсіпкерлер болсын, мемлекеттік органдар болсын, ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі екенін назарда ұстауымыз керек. Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, балабақшаға барған балалардың қауіпсіздігі сақталуы тиіс. Бұл – басты талап. Дегенмен, мемлекеттік тапсырыс конкурсына қатысатын барлық ұйымдардың басқа талаптарға сай келіп, тек бейнебақылау жүйесін орталыққа қосу мен турникет орнатудан ғана қиындықтар туындап отырса, бұл екі мәселені білім басқармасының заңгерлерімен ақылдасып көрейік, интернеттің сапасын да кезең-кезегімен қарастыруға болады, – деді Нұргүл Шамшиева.
Шымкент қалалық полиция департаментінің ақпараттандыру және байланыс басқармасының бөлім басшысы Ахмет Балтабаевтың айтуынша, қаладағы білім беру нысандарының бейнекамераларын департаменттің жедел басқару орталығына қосу арнайы жабық интернет-каналдары арқылы жүзеге асырылу тиіс.
– Әлеуметтік нысандардың біздің жедел басқару орталығымен бейне-байланысы жабық каналдар арқылы жүруі тиіс. Бұл да – қауіпсіздік талабы. Егер кәсіпкер желіні департамент орталығына дейін жеткізсе, ары қарай тегін қосып аламыз. Бұл тұста қандай байланыс компаниясының қызметіне жүгінетінін білім беру ұйымының басшылары өздері шешеді. Дегенмен, бүгінгі таңда полиция департаментінің барлық қалаған ұйымдардың камерасын орталыққа қосуға техникалық мүмкіндігі көтермей тұр. Осы мәселені шешу мақсатында арнайы құралдар алып, техникалық қуатты арттыру үшін қалалық әкімдікке сұраныс жібердік, – деді Ахмет Балтабаев.
Жиынға қатысқан «Қазақтелеком» және «КаР-Тел» ұйымдарының өкілдері түрлі ұйымдардың бейнебақылау жүйелерін қажет орталықтарға желі арқылы және сымсыз қосудың мүмкіндігі бар екенін айтып, қызмет көрсетудің тарифтері туралы мәлімет берді. Ал төтенше жағдай департаментінің маманы қандай да болсын мекемеге турникет орнатылған жағдайда, ереже бойынша төтенше жағдай орын алғанда турникеттің жанында бір батырма арқылы ашылатын есік болуы керек екенін, ол талап орындалмаған жағдайда ұйым басшылығына айыппұл салынатынын жеткізді.
Осыған орай кәсіпкерлер мектепке дейінгі білім берумен айналысатын жекеменшік ұйымдар арасынан қауіпсіздік талаптарын орындауда күрделіліктерге тап болғандарының нақты санын қалалық білім басқармасына жіберетін болып келісілді. Ал бұл орган өз тарапынан полиция департаменті мен интернет қызметін ұсынатын компанияларға нақты тізімді беріп, техникалық шарттар нақтыланбақ.
Күн тәртібінің екінші тақырыбы ретінде бастауыш сынып оқушыларының тамақтануына берілетін қаржы мәселесі де көтерілді. Нақты айтқанда, бүгінде бұл қаржы ата-аналардың өз шоттарына аударылып жатыр. Осы тұрғыда кей азаматтар түрлі жағдайларға байланысты шоттары бұғатталып, ақшаны пайдалану мүмкіндігі болмай жатқанына шағымданған.
Бұл сұраққа жауап берген қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева үшінші тараптан бұғатталмайтын арнайы шот ашуға, ол шотты ата-ананың өзіне немесе сенім білдірілген басқа тұлғаға ашуына өзі басқаратын ведомства тарапынан тыйым салынбайтынын алға тартты.