Сарапшы топтың сын садағына іліккен Шымкент қаласындағы №18 мектеп.
Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Шымкент мектептерінде балаларға берілетін азық-түліктер тышқан улайтын дәрімен қатар тұрған. Мектептен бөлек, әлеуметтік мекемелерден де сын табылды. «Nur Otan» партиясы жанындағы бала құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері елуден астам мекемеде болып, қарапайым талаптардың өзі сақталмайтынына көз жеткізген, деп хабарлайды Astana арнасы.
Сарапшы топтың сын садағына әуелі іліккен Шымкенттегі №18 мектеп. Білім мекемесінің асханасындағы жағдай кеңес мүшелерінің жағасын ұстатты. Динара Закиева қоймада азық-түлікпен бірге химиялық заттар, тіпті тышқанға қарсы удың да қатар тұрғанына шошынды.
Мектептердегі асханалардың жайы, азық-түліктердің сақталуы, оның сапасы бойынша шара көруді сұранамыз. Менің ойымша көпшілік әріптестерімнің осындай ескертуі бар. Мәселен №18 мектептің қоймасында тұрмыстық химиялық заттар мен тышқанға қарсы дәрі азық-түліктің қасында тұр. Айта кетерлігі, осы мектепте әзірленген ас елу метр әріде тұрған арнаулы мекемеге де тасымалданады екен, - дейді «NUR OTAN» партиясы жанындағы республикалық балалардың құқығын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева.
Сарапшы топ ол мекемеде бірқатар кемшілікке көз жеткізген. Қоларбаға таңылғандар үшін мекемеге кіріп-шығу қолайсыз. Ал бұл мекемеде дамуында ерекшелігі бар 234 бала тәрбиеленеді.
Ата-аналар баласын сол мектепке жеткізу қиындығын айтты. Ғимарат екі қабатты. Жоғарғы қабатқа қолымен көтеріп шығарады. Коррекциялық мектептің жағдайы адам шошырлық. Едені ойылып, қабырға сылақтары түсіп жатыр. Мекеме мүлдем ұмыт қалғандай әсер қалдырады, - дейді «NUR OTAN» партиясы жанындағы республикалық балалардың құқығын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева.
Комиссия мүшелері ыстық тамақ жайын да сөз етті. Мәселен, Шымкентте тегін тамақты бір үйдің бір баласы ішкенмен, екіншісі қағылған, деді.
Балалар құқығын қорғауға арналға бірде бір құжат Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жоқ. Білім мекемелерінде балалар толық қамтылмаған ыстық тамақпен. Небәрі 5 процент бала ыстық тамақ ішеді. Өзгесі назардан тыс қалған. Ал мектеп басшылары аз қамтылған, көпбалалы отбасылар туралы мәліметі шамалы. Асхананы жалға алушылар өзім би өзі қожа, - деді «NUR OTAN» партиясы жанындағы республикалық балалардың құқығын қорғау кеңесінің мүшесі Ырысты Жұмабекова.
Сайрам ауданындағы № 92 мектептің асханасы лас және тым тар. Қол жуатын орын сыртта. Ал көмекші көмекші мектеп-интернатта балалар жуынатын орын талапқа мүлдем сай келмейді. Едені цемент. Жұмыс тобы сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелерде бейнебақылау камераларының жазбаны небәрі бес-ақ күн сақтайтынын сынға алды. Республикалық кеңес мүшелері арнайы тексеру кезінде анықтап шықты. Жұмыс тобы оңды істі де назардан тыс қалдырмады. Перинаталдық орталық пен № 1 балалар ауруханасының жұмысын оң бағалады. Бұл мекемелер аса ауыр жағдайдағы балалардың өміріне араша түсуде ел бойынша үздік орында тұр.