«Таза Қазақстан» акциясы 5 аптаға жалғасады.
Шымкент қаласындағы "Таза Қазақстан" акциясының "Жасыл аймақ" апталығының бір күні Металлургтар саябағында тал егу шарасымен жалғасты.
Оңтүстікке көктем ерте келіп, тал егу ерте басталғанымен, "ештен, кеш жақсы" деген Тұрандықтар саябаққа 100-ден аса қаратал екті. Тал егуге Тұран коммуналдық мекемесімен қатар, Тұран ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, өнер адамдары және еріктілер атсалысты.
Еске салсақ, Президент тапсырмасымен қолған алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы 5 аптаға жалғасады. Шымкенттіктер шара соңына дейін тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, қаланың көркеюіне үлестерін қосуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелген еді.
Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты бар.