2019 жылы құрылған орталықта қазіргі таңда 500-ден астам зейнеткерге қызмет көрсетілуде.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева қаладағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» жұмыс ауқымы кеңейген. Мұнда арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерінің саны да артып келеді. 2019 жылы құрылған орталықта қазіргі таңда 500-ден астам зейнеткерге қызмет көрсетілуде.
Сенат депутаты дәрігерлік тексеру (терапевт, невропатолог, физиотерапевт, психолог), еңбек, музыка, бейнелеу өнері (ART терапия), қыш өнері (ART ELAY), компьютерлік сауаттылық және тағы басқа бөлімдерді аралап көрді. Ләззат Молдабекқызы орталықтың жұмысын оң бағалап, қаладан мұндай әлеуметтік медициналық оңалту орталықтарын көптеп ашу қажеттігін атап өтті.
Сауықтыру мекемесінде зейнеткерлерге күнделікті 2 ауысымда 4 сағаттық арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері ұсынылады. Қарияларға қызмет көрсету үшін кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт дәрігерлері жұмылдырылған. Сондай-ақ, зейнеткерлердің емдік дене шынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисімен шұғылдануға мүмкіндігі бар. 2021 жылдың желтоқсан айында орталықтың қосымша бөлімшесі ашылды. Онда зейнет жасындағы азаматтарға 4 сағатқа дейінгі арнаулы әлеуметтік қызметтер және жалғызбасты қарттарға 8 сағатқа дейін жартылай стационар жағдайда қызмет түрлері көрсетілуде.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова Шымкентке іс-сапармен келген болатын. Халық қалаулылары Б.Әлтаев бастаған Қоғамдық кеңес мүшелерімен өткен кездесуде өңірдегі өзекті мәселелер қаралды. Кездесу барысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру, субсидия жайы, жылдық бюджеттің жоспарға сай игерілуі, мемлекеттік қызметшілердің халыққа ашық болуы сынды бірқатар мәселелер талқыланды. Қоғамдық кеңес өкілдері өңірдегі жағдайды баяндап, алдағы атқарылатын жұмыс барысын атап өтті. Сонымен қатар, күні кеше құрылған Құрылтайдың жұмысы да назардан тыс қалмады.