Олар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, жергілікті атқарушы орган және «Kazakh Тourism» ҰК тарапынан көрсетілмек.
Қазақстанда алғаш рет туристерге қызмет көрсететін кәсіпкерлерге мемлекеттік қаржылай қолдау тетіктері іске асуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ
Олар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, жергілікті атқарушы орган және «Kazakh Тourism» ҰК тарапынан көрсетілмек. Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникация орталығында Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров мәлімдеді.
Спикер баспасөз брифинг барысында министрлік тарапынан шетелдік туристер үшін туроператорлардың шығындарына субсидия берілетінін мәлімдеді. Ол сырттан келген әр турист үшін 15 мың теңге болмақ.
– Ал жергілікті атқарушы орган туристік нысандар мен жол бойындағы қызмет көрсету нысандар құрылысы шығынының 10 пайызы, туристік автобустарды сатып алу бағасының 25 пайызы өтеліп, санитарлық-гигиеналық торапты күтіп-ұстауға ай сайын 83 300 теңге төлеу қаралған. Сонымен қоса «Кazakh tourism» ҰК» АҚ тарапынан балалардың әуе билетін 100 пайыз субсидияланады. Яғни, 17 жасқа дейінгі балалар Қазақстан ішінде тегін ұша алады. Аталған жоба ел ішінде демалысқа аттанған балалардың әуе билетін тегін алуына мүмкіндік береді. Ол үшін турпакет ішкі туризмде лицензиясы бар туроператордан сатып алынуы тиіс, – деді басқарма басшысы.
Ерлан Қыдыров бұл қолдаулардың туризм саласының дамуында көрсетілетін үлкен көмек екенін айтып, басқарма тарапынан қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қолдау шараларын алуға мүмкіндігі бар азаматтарға ықпал жасалатынын айтты.
Оған қоса Сайрам тұрғын алабындағы сакралды нысандардың туристік тартымдылығын арттыру ісі де қолға алынады. Шымкентте үлкен туристік орын құру мақсатында «Ескі қалашық» тарихи-мәдени кешені «Қазақстанның туристендіру картасының» ТОП-50 нысанының тізіміне енгізілген. Бүгінде жобаның мастер-жоспары әзірленіп, оны жүзеге асыру бойынша жұмыс тобы құрылған.