Енді 4,5 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкент қаласында түрмедегі жазасын өтеушіден "мүгедектікке шығарып беремін" деп 150 мың теңге пара алған бөлім басшысы сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен сотталушы отыз еселенген айыппұл, яғни 4 500 000 (төрт млн. бес жүз мың) теңге төлейтін болды. Сондай-ақ, өмір бойына мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Шымкент қаласындағы нөмірі 6-шы медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы Ш. Шымкент қалалық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ИС-267/2 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген азаматқа 3-ші топтағы мүгедектікті тағайындау мақсатында пара талап еткен.
Осы жылдың 20-шы сәуірі күні сағат кешкі 20.20 шамасында Шымкент қаласы Байтұрсынов көшесіндегі "Усадьба-Ладушки" кафесінің алдында аталған түзеу мекемесінің медициналық бөлімінің басшысынан 150 000 теңге көлемінде пара алған. Құзырлы органның құрықтауына түскен сотталушы Ш.-ға Қазақстан республикасының қылмыстық кодексінің 366 бабының 2-ші бөлігімен айып тағылған.
Сот талқылауы барысында өз кінәсін толық мойындаған сотталушы Ш. мемлекеттік айыптаушымен процессуалдық келісімге келген. Осыны ескерген сот пара алған шенеунікке айыппұл төлеу түріндегі жаза тағайындаған.
Ескере кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.