​ШЫМКЕНТ: Учаскелік полиция инспекторы алдап ақша алғаны үшін сотталды

0
1 727

Сот үкімімен сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.


​ШЫМКЕНТ: Учаскелік полиция инспекторы алдап ақша алғаны үшін сотталды

Шымкенттік полиция подполковнигі шеніндегі учаскелік полиция инспекторы алдап ақша алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарған С.М. өз өкілеттігін пайдаланып, Тоғыс елді мекенінде тұратын тұрғынға қатысты құжаттар бойынша оңды шешім шығарып беремін деп алдап 20 мың теңге ақша алған.

Құзырлы органдардың құрығына түскен экс полицейдің үстінен ҚР ҚК нің 190 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа жеткен.

"Қылмыстық іс 2020 жылғы 10 тамызда сотқа кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісіммен түскен. С.М. ауыр санаттағы қылмыс жасаған, өтініш білдіріп прокурормен процестік келісім жасасуға ерікті түрде ниет білдірген. Іс бойынша дәлелдемелерге дауласпаған. Сот жәбірленуші А.А. келісімін бергенін, шын ниетпен өкінуін, жас баласының болуын, заң талабының тағайындалатын жазаның жартысынан аспау керек екенін ескеріп процестік келісімдегі жазамен келісті,"- деп мәлімдеді Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметі.

Сот отырысында өз кінәсін толық мойындап, прокурормен процестік келісім жасаған экс полиция қызметкері ҚР ҚК нің 190 бабының 3-ші бөлігінің 2-ші тармағымен кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сонымен қатар 200 000 /екі жүз мың/ теңге айыппұл салынды, оған ерікті түрде төлеу үшін 1 (бір) ай мерзім берілді. Сондай ақ сот экс полиция қызметкерін полиция подполковнигі сыныптық шенінен айырды. Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.