Шымкентте 2 мыңға жуық жұмысшының жалақы қарыздары өтелді

0
514

Жыл басынан бері жұмыскерлердің 151,2 млн. теңге көлемінде жалақы қарыздары төленді.


Шымкентте 2 мыңға жуық жұмысшының жалақы қарыздары өтелді

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша (үш жақты) комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиында қала аумағында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбек дауларын болдырмауға бағытталған жұмыстар және үш жақты комиссияның өткен отырыстарының №4 хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
Шымкент қаласында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету –басым бағыттардың бірі. Қала аумағында өндірістік жарақат алу жағдайлары бойынша көрсеткіштер өткен жылдармен салыстырғанда біршама төмендеген. Жыл басынан бері қалада 12 жазатайым оқиға тіркеліп, өкінішке қарай 1 адам қайтыс болды.
Сонымен қатар, еңбек дауларын болдырмауға бағытталған жұмыс барысы тұрақты бақылауда. Еңбек дауларының алдын алуға арнайы мониторингтік топ құрылды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері 33 кәсіпорындағы 1 959 жұмыскердің 151,2 млн. теңге көлемінде жалақы қарыздары төленіп, жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтары қорғалған.
Қала әкімінің хаттамалық тапсырмасы бойынша қаладағы кәсіпорындардың еңбек заңнамасын сақтауы тәуекел деңгейіне байланысты топтастырылды. Бірінші кезекте тәуекелдік деңгейі жоғары компанияларда әлеуметтік әріптестермен түсіндірме жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – баршамыздың қызметіміздегі негізгі басымдық. Біз мұны осы комиссияда үнемі қарап, бақылап, тиісті ұсынымдар әзірлеп отырамыз. Бүгінгі отырыстың нәтижесінде өзіміздің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарымызды бекітетін боламыз, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, жиында үш жақты комиссияның өткен отырыстарының хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы талқыланып, жауапты мемлекеттік мекемелердің баяндамалары тыңдалды.