Шымкентте 2022-2023 жылы мектеп саны 20-ға артты

0
2 193

Бұл туралы Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева брифинг барысында мәлімдеді.


Шымкентте 2022-2023 жылы мектеп саны 20-ға артты

Шымкент қаласында 2022-2023 оқу жылында мектеп саны 20-ға артып, 223 мектепте 242 525 оқушымен 19 534 педагог оқу-тәрбие жұмысын бастайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева брифинг барысында мәлімдеді.

Оқу бағдарламасына сәйкес, оқушылар 36 оқу аптасында 173 оқу күн оқып, 192 каникул, демалыс күндерімен демалады. Оқу жылына 2 апта қосылуына байланысты біршама мүмкіндіктерге қол жетті.

Жаңа оқу жылында 223 мектептің 218-і, яғни 97,8%-ы бес күндік,үш ауысымда білім беретін 5 мектеп 6 күндік оқумен қамтылады. Өткен жылмен салыстырсақ, бес күн оқитын мектептер – 61-ге артып, 6-күн оқитын мектептер 40-қа кеміді.

Сонымен қатар, 45 мектеп бір ауысымда, 173 мектеп 2 ауысымда, 5 мектеп үш ауысымда білім беретін болады.

Қалалық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қалада өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің саны – 339, оның ішінде 102 мұғалім «әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану» мамандығына ие. Өзін-өзі тану пәнінің қысқаруына байланысты, оның 42-сі өз білім беру ұйымына әлеуметтік педагог болып орналасса, 23-і жаһандық құзыреттілік курсымен қамтылады. 37 мұғалім кәсіптік бағдар беруші лауазымына ауысты. Ал, дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің саны – 1 385. 2021-2022 оқу жылында мұғалімдердің орташа оқу жүктемесі – 24,5-ті құраған. Сараптау нәтижесінде сағатпен қамтылмаған 45 денешынықтыру пән мұғалімдеріне жаңадан ашылатын 20 жекеменшік мектептердегі 113 бос орындар ұсынылды.

Нәтижесінде, 5-11 сыныптарда денешынықтыру пәні бойынша жалпы орташа оқу жүктемесі – 16,3 сағат, бастауыш сыныптарда – 16 сағатты құрады.

Қалада орыс тілі пәні мұғалімдерінің саны – 1 310. 2021-2022 оқу жылында мұғалімдердің орташа оқу жүктемесі – 26,5-ті құраған. Сараптау нәтижесінде пән мұғалімдері сағатпен толық қамтылған.

Олардың 16-20 сағатпен – 776, 20-24 сағатпен – 521, 24-27 сағатпен – 13 мұғалім жұмыс жасайтын болады.