Шымкентте 25 мыңнан астам жалған алкоголь шөлмектері тәркіленді

0
1 133

Қылмыстық іс ұйымдастырушылары анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.


Шымкентте 25 мыңнан астам жалған алкоголь шөлмектері тәркіленді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында астыртын цехтан 25 мың шөлмек алкоголь мен 15 тонна спирт табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру барысында суррогаттық алкоголь өнімдерін дайындаумен айналысатын астыртын цехтың қызметіне тосқауыл қойылды.

«Оқиға орнын қарап-тексеру кезінде 25 мыңнан астам шөлмек «Пшеничная», «Московская», «Медовая» және «Русская крепость» маркалы алкоголь өнімдері тәркіленді. Сонымен қоса, 15 тонна спирт, 1 млн астам көрінеу жалған есепке алу-бақылау маркалары, шөлмектерді жабуға арналған құрал-жабдықтар, 52 мыңнан астам бос шөлмек, 200 мың дана алкоголь өнімдерін қаптауға арналған қорап, 100 мың дана көлемінде қақпақтар және 1,9 млн теңге ақша қаражаты алынды», - делінген хабарламада.

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 233-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары басталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс ұйымдастырушылары анықталды, тиісті сараптамалар мен тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, 2019 жылдың басынан бері Қаржы мониторингі комитеті жалған алкоголь өнімдерін дайындайтын 31 астыртын цехтың жолын кескен. Нәтижесінде, көлеңкелі айналымнан жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайтын 200 мың литр спирт пен 1 млн. астам жалған алкоголь шөлмегі қолданыстан шығарылды.