Шымкентте 2500 азамат кәсіптік оқыту курстарына жолданды

0
613

Қатысушыларға ай сайын 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді.


Шымкентте 2500 азамат кәсіптік оқыту курстарына жолданды

Шымкентте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының І бағыты шеңберінде 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына 2500-ден астам азамат жолданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кәсіптік оқытудың І ағымы 21 маусымда басталды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға мамандығы жоқ, еңбек нарығында сұранысы төмен немесе біліктілігін жоғалтқан және мамандығын ауыстырғысы келетін азаматтар қатыса алады.

Биыл жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясының шешімімен 600 адам жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес 8 мамандық бойынша 11 білім беру ұйымдарында және 1 900 адам 24 мамандық бойынша 18 білім беру ұйымдарында, ал еңбек нарығының сұранысына сәйкес 30-дан астам қажетті мамандықтар бойынша 3 ай мерзімге оқытылатындығы бекітілді.
Қысқа мерзімді оқыту курстарында дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрик, тас қалаушы, кран машинисті, визажист, шаштараз шебері, аспаз 30-дан аса мамандық бар. Қатысушыларға ай сайын 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Дәріс беру аптасына 6 күн, 6 сағаттан жүргізіледі. Оқу аяқталған соң арнайы сертификат беріледі. Сонымен қатар, оқуын аяқтаған азаматтарды еңбек нарығының сұранысымен жұмыс берушілердегі пайда болған бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасуына ықпал етілетін болады.
Айта кетейік, өткен жылы 2 мыңға жуық адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды бітіріп, нәтижесінде 1590 азамат жұмыспен қамтылған.